Мемлекетке бағынышты ұлттық компаниялардың акцияларын IPO-ға шығару Үкіметтің қаулысымен іске асады
"ҚазМұнайГаз"-дың акциялары 2-желтоқсанға дейін сатылады
2022 жылғы 9 қарашада «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның IPO-сына қатысу үшін өтінімдерді қабылдау басталады. Институционалдық инвесторлар 2022 жылғы 30 қарашаға дейін, ал бөлшек инвесторлар 2022 жылғы 2 желтоқсанға дейін өтінім бере алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы акцияларын осы қараша айының басында сатуға шығарды. 90,42% «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ сатуға шығарған құнды қағаздардың жалпы көлемінің 5%-на дейін немесе шамамен 30 505 974 жай акцияны ұсынуға ниетті. Қордың ақпараты бойынша, IPO өткізу кезінде мұнай және газ өндіру операторының жай акциясының бағасы 8 406 теңгені құрайды. Бұл бір акцияның құны.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ компаниясының тең иесі бола алатын және одан ақша таба алатын жеке тұлғалар – бөлшек инвесторларға басымдық берілетін болады. Дивидендтік кіріс алу үшін инвестор акцияларды сатып алып, оларды өз портфелінде ұстауға тиіс.
Бағалы қағаздарды қалай сатып алуға болады?
Азаматтар акцияларды шығарған компаниядан оларды тікелей сатып ала алмайды. Ол үшін ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы бар инвестициялық делдалдарға, мысалы, брокерлер мен дилерлерге жүгіну қажет.
Брокерлердің тізімімен қаржы реттеушісінің www.gov.kz сайтында танысуға болады. Агенттіктің интернет-ресурсында көрсетілген инвестициялық делдалдың деректемелері брокердің лицензиясындағы деректемелермен сәйкес келуге тиіс екеніне назар аударыңыз.
Егер сіз бағалы қағаздарды тұрақты түрде сатып алу/сату бойынша одан әрі операцияларды жүзеге асырғыңыз келсе, қор нарығы бойынша талдамалық материалдарды да алғыңыз келсе, онда брокерлерге хабарласыңыз. Көптеген брокерлер қызметтерін өз клиенттеріне веб-сайттар және/немесе мобильді қосымшалар арқылы ұсынады. Бірақ брокермен шартқа қол қоймас бұрын, кейбір жағдайларды зерттеп алыңыз – ол туралы мына жерден оқыңыз. Брокер туралы басқа клиенттердің пікірлерін, БАҚ пен интернеттегі өзге де жарияланымдарды да зерделеу қажет.
Азаматтарға ыңғайлы болу үшін кейбір қаржы ұйымдары биржадағы компаниялардың акцияларын өздерінің мобильді қосымшалары арқылы, шот ашып, оны толтыру, қағаздарды сатып алу-сату, соманы өз шоттарының арасында конвертациялау және басқа да мүмкіндіктермен сатып алуды ұсынады.
Акцияларды сатып алудың тағы бір тәсілі «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) Tabys мобильді қосымшасының «Тікелей жазылу» бөлімі болып табылады, ол акцияларды бірден сатуды жоспарламағандарға немесе брокерлік шотты кейін ашқысы келетіндерге арналған. Акцияларды кейіннен сату үшін брокерде шот ашу қажет болады. Тікелей жазылу шеңберінде клиенттің шоты АХҚО-ның Орталық депозитарийінде (AIX CSD) ашылады.
Интернеті үнемі бола бермейтін, еліміздің шалғай өңірлерде тұратын инвесторлар «Қазпошта» АҚ-қа жүгіне алады. Пошта операторы қаржы реттеушісінің тиісті лицензиясы негізінде мынадай:
- брокердің («Қазпошта»-да шотты офлайн ашуға болады, бірақ алдымен осы қызметке тапсырыс беруге болатын бөлімшені нақтылау қажет және post.kz веб-сайты арқылы онлайн ашуға болады);
- шарт жасасу және брокерлік компаниямен одан әрі өзара іс-қимыл жасау үшін трансфер-агенттің қызметін ұсынады. Трансфер-агент – бұл өз клиенттері арасында құжаттарды қабылдау және беру қызметтерін көрсететін бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы;
- арнайы терминалдар арқылы тікелей жазылу қызметін ұсынады. Тікелей жазылымды таңдағанда (брокерлік шот ашпай) «ҚазМұнайГаз» акцияларын «Қазпоштаның» арнайы терминалдары арқылы сатып алуға болады. Өзіңізбен бірге жеке басыңызды куәландыратын құжатыңыз болу қажет.
Ұлттық компаниялардың акцияларын сатумен айналысатын алаяқтар көбейген. Мемлекетке бағынышты ұлттық компаниялардың акцияларын IPO-ға шығару тек Үкіметтің қаулысымен ғана іске асады. Биыл жыл соңына дейін «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ акцияларын сату жоспарланған. Бірақ құнды қағаздардың құны әлі анықталған жоқ. Соған қарамастан жалған брокерлікпен айналысатын алаяқтар көбейген. Тұрғындар құнды қағаздарға инвестиция салу арқылы дивиденд алғысы келгенмен, қаржылық сауаттылықтарының төмендігінен алаяқтарға жем болып жатыр. «Самұрық-Қазына» АҚ өкілдері ұлттық компаниялардың атын жамылып, елді алдауға көшкен алаяқтардан сақтану керек деп мәлімдеді. Алданбаудың ең жеңіл жолы – брокерлер қарапайым адамға акцияға инвестор болу жөнінде ешқашан ұсыныс айтып хабарласпайды. Себебі ұлттық компаниялардың акциялары тек KASE және AIX қор нарығында сатылады. Ал адамдардың иелігіндегі құнды қағаздарын сатумен тек арнайы лицензиялары бар брокерлік компаниялар ғана айналысады. Оларға берілген лицензиялар арнайы сайтта орналасқан. «Самұрық-Қазына» АҚ Қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғановтың сөзінше, жылдың аяғында акцияға ие болған азаматтарға дивидент төленеді. Бірақ, құнды қағаздарды сатып алдардан бұрын бірнеше зәрттеуге адамдар аса мән беру керек.
«Жекешелендіру бағдарламасының және портфельдік компаниялардың IPO-ның іске асырылу барысы туралы кеңінен түсіндіру жұмысын жүргізіп жатырмыз. Өзгені қойып, өзімнің жақын таныстарым алаяқтарға алданып, қомақты қаржысынан айырылған. Халықты сақтандыру жолында арнайы кездесулер, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бағалы қағаздар нарығында инвестициялаудың тетіктері мен тәуекелдері жөнінде тұрғындардың қаржылық сауаты жоғары емес. Бір ай тек ақпараттандыру жұмысымен айналыстық. Республиканың 100 мыңнан астам тұрғынының қатысуымен 120-дан астам кездесу өтті. Барлық облыс пен қаланы қамтыдық деуге болады. Басты мақсатымыз – елді алаяқтардан сақтандыру және ұлттық компаниялардың құнды қағаздары арқылы қаржы табу жолдарын халыққа түсіндіру», - деді «Самұрық-Қазына» АҚ Қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.
Брокерге жүгінген кезде нені білу керек?
Мысалы, Қазақстанның қор биржасында (KASE) сауда-саттық жасау үшін сіз шот ашуыңыз керек. Биржаның мүшесі – брокер оны бағалы қағаздарды есептеуді, есепке алуды және сақтауды жүзеге асыратын мамандандырылған ұйым – депозитарийде шарт жасалғаннан кейін ашады.
Шот ашу үшін:
- жеке басты куәландыратын құжатты ұсыну;
- банк деректемелері туралы ақпаратты ұсыну;
- жеке деректері бар сауалнаманы толтыру қажет.
Өз брокеріңізден брокерлік шот ашу үшін қажетті құжаттар тізімін нақтылау қажет.
Цифрлық арналар арқылы брокерлік шотты ашу үшін қашықтан идентификаттаудың заманауи тәсілдері: ЭЦҚ, SMS, серпінді немесе биометриялық идентификаттау пайдаланылады.
«Брокерлік шотқа ақшаны сіздің ағымдағы банктік шотыңыздан да, басқа тұлғаның шотынан да аударуға болады. Сіз инвестициялардың мөлшерін акция бағасына және бағалы қағаздар санына байланысты өзіңіз анықтайсыз. Ақшаны аудару кезінде брокердің, биржаның және депозитарийдің комиссияларына жұмсалатын шығыстарды ескеріңіз, оның мөлшерін брокеріңізден алдын ала біліп алыңыз.
Инвесторлардың барлық өтінімдерінен «Өтінімдер кітабы» – бұл сатып алушының деректерін және сатып алу жоспарланған акциялар саны көрсетілген, акцияларды сатып алуға арналған өтінімдердің бірыңғай тізілімі қалыптастырылады. «Өтінімдер кітабы» ашылған және жабылған күндер туралы ақпаратты компанияның веб-сайтынан, өз брокеріңізден немесе биржалардың сайтынан алуға болады. «Өтінімдер кітабына» акцияларды сатып алуға өтінім беру жазылу кезеңінде брокер арқылы жүзеге асырылады.
Қанша акция сатып алғаныңыз туралы ақпаратты сізге брокеріңіз хабарлауы керек. Әдетте брокерлер бұл деректерді есеп және көшірме-үзінді түрінде жібереді, бірақ ақпарат беру тәсілдері әр компанияда әр түрлі болуы мүмкін, сондықтан мұны да алдын ала нақтылап алыңыз», -делінген мамандар таратқан хабарламада.
Мысалы, егер сіздің шотыңызда берілген өтінімді төлеуге қаражат жеткіліксіз болса, онда өтінім «Өтінімдер кітабынан» алып тасталатынын білгеніңіз жөн. Ал ақшаны уайымдамаңыз – ол сіздің тапсырмаңыз бойынша ағымдағы банктік шотыңызға қайтарылады.
Ең бастысы, бағалы қағаздарға инвестиция салмас бұрын, инвестициялық құралдың орнықты кірістілігі неғұрлым жоғары болса, тәуекелдер соғұрлым жоғары болатынын ұмытпаңыз. IPO-ға салынған инвестициялардың кірістілігі жоғары болып саналады, сәйкесінше олардағы тәуекел де жоғары болады.
Алаяқтық тәуекелдерін де есте сақтаңыз: жалған брокерлер IPO-ның жүргізілуін өздерінің теріс пиғылдарына пайдаланады және әр түрлі алдау схемаларын ойлап табады.
Сақ болыңыз және қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!
Айта кетейік, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ Қазақстанның тікелей интеграцияланған жетекші мұнай-газ компаниясы болып табылады. ҚМГ көмірсутектерді барлау мен өндіруден бастап, тасымалдау, өңдеу және сервистік қызметтер көрсетуге дейінгі барлық өндірістік цикл бойынша активтерді басқарады. Компания 2002 жылы құрылып, Қазақстан Республикасының мұнай-газ саласындағы мемлекет мүддесін қорғайды.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ акционерлері – «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы (90,42%) және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (9,58%).
Ұлттық компания еліміздің мұнай мен газ конденсатын өндірудің 25%-ын, сондай-ақ табиғи және ілеспе газ өндірудің 15%-ын қамтамасыз етеді. Компанияның магистралды құбырлары арқылы Қазақстан мұнайының 56%-ы тасымалданады. Отандық мұнай өңдеу зауыттарында мұнай өңдеу көлемінің үлесі 81%-ды құрайды.
2021 жылы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ 21 651 мың тонна мұнай және 8 081 млн м3 ілеспе және табиғи газ өндірді. Мұнай тасымалдау көлемі 74 565 мың тоннаны, ал газ тасымалдау көлемі 1 қаңтардан 8 қарашаға дейін 81 851 млн м3 құрады. Мұнай өңдеу зауыттарында 18 833 мың тонна мұнай өнделді.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-да 47 мыңнан аса адам еңбек етеді.