«Министрдің жауабынан түк түсінген жоқпын»: депутат министрге шүйлікті
Депутат министрге агломерацияларға қатысты критерий мен қандай қалалар қамтылатынын нақты айтпағанына шағымданды
Депутат Еділ Жаңбыршин Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың заң жобасын түсіндіру барысында қойылған сұрақтардың жауабын түсінбегенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Біз министрдің жауаптарынан нақты ештеңені естіген жоқпыз. Түк түсініксіз. Сіздер агломерацияны жасайтын кезде критерий керек. Сіз 500 мың адам болса ғана деген мәселені айттыңыз. Біріншіден, қандай критерийлерді пайдаланасыз? Себебі әлемдік тәжірибеде бірнеше критерий бар. Оның қайсын пайдаланасыздар? Екіншіден бүгінде агломерация бойынша нақты қанша қала кіреді? Үшіншіден, осы агломерация заңын критерийлермен қабылдағанда бізге ол қандай экономикалық, әлеуметтік нәтиже береді? Бізге нақты осыны айтыңызшы. Сіздер осының бәрін жасар алдында зерттеу жүргіздіңіздер ғой», - деді Еділ Жаңбыршин.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бұл сұраққа жауап беруге барынша тырысты.
«Әрине біз зерттеуді дайындадық. Енді бірнеше критерий бар. Онда тек халықтың саны емес, көлік-логистикалық әлеуеті, экономикалық әсеріне тоқталайын. Біріншіден агломерациялардың жергілікті инфрақұрылымдық, инженерлік проблемаларын шешіп, кейін шағын және орта бизнесті дамытуға мүмкіндік туады. Жалпы макроэкономикалық синергиялық әсерін күтіп отырмыз. Қазір сізге нақты сандарды айта алмаймын. Жергілікті саясатты күшейтіп, республикалық деңгейде экономикаға әсерін береді», - деді ол.
Министрдің бұл жауабына да депутаттың көңілі толмады.
«Сіз жаңа критерийлерді де нақты айтпадыңыз. Қандай қалалар кіретінін де айтпадыңыз. Зерттеу жүргізілген уақытта күтілетін нәтиже болады ғой. Көрсеткіштер бар ғой. Осынша пайызға өседі. Күтілетін қорытынды осындай деген», - деді Жаңбыршин.
Әлібек Қуантыров критерийлерді бірнеше рет айтқанын еске салды.
«Агломерацияға Астана, Шымкент, Алматы, Ақтөбе қалалары жатады. Мүмкін, Қарағанды қаласы да кіреді. Басқа да қалалар қосылуы мүмкін. Жалпы біздің жоспар бойынша келесі жылдан бастап экономикалық өсуі орташа есеппен 4,1 пайызды құрайды. 2025 жылға дейін 5 пайызға өседі деп болжап отырмыз», - деді ол.