Республикалық автожолдардың шектеу қойылған екі учаскесі қайта ашылды
Кеше кеште жол қызметкерлері күшейтілген жұмыс режиміне көшкен болатын
Бүгін таңғы сағат 08.00-ден бастап Жетісу және Абай облыстарындағы екі учаскеде көлік қозғалысына қойылған шектеу алынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, Абай облысындағы Алматы – Өскемен тасжолының 615-967 шақырымдары аралығында орналасқан Жетісу облысы шекарасынан Қалбатау ауылына дейінгі учаске ашық.
Сондай-ақ Жетісу өңірінде Алматы – Өскемен тасжолының 558-615 шақырымдары аралығында орналасқан Үшарал қаласынан Абай өңіріне дейінгі учаске ашық.
«Р-20 «Сарыөзек-Көктал» күре жолының 45-68 шақырымдары аралығында (Алтын Емел асуы) көлік қозғалысына әлі де шектеу қойылып отыр», - деп хабарлады Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының ұлттық операторы.
Естеріңізге сала кетейік, кеше кеште ауа райының қолайсыздығына байланысты жол қызметкерлері күшейтілген жұмыс режиміне көшкен болатын. Мәселен, өткен түнде Абай облысының республикалық маңыздағы күре жолдарына 140 тонна құм-тұз қоспасы себілді.