Қаза тапқан полиция, әскери және өрт сөндіру қызметкерлерінің балалары оқуға жеңілдікпен қабылданады
Қазіргі уақытта министрлік осы бағытта жұмыс істеп жатыр
Оқу-ағарту министрлігі қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің, өрт сөндірушілер мен әскери қызметкерлердің балаларына қосымша жеңілдіктер енгізеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Онлайн режимде өткен аппараттық кеңесте ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің, өрт сөндірушілер мен әскери қызметкерлердің балалары үшін колледждер мен дарынды балаларға арналған мектептерге оқуға қабылдауда жаңа жеңілдіктер енгізілетінін айтты. Қазіргі уақытта министрлік осы бағытта жұмыс істеп жатыр.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің, өрт сөндірушілер мен әскери қызметкерлердің отбасыларына білім беру саласында тиісті жеңілдіктер беру мәселелері шешілді. Атап айтқанда, балалар балабақшаға кезексіз қабылданады, жоғары оқу орындарында оқуға гранттар қарастырылған. Қазір біз ол балаларға грант алу және дарынды балаларға арналған колледждер мен мектептерге қабылдау мәселесін шешіп жатырмыз», - деді А. Аймағамбетов.
Айта кетсек, ақпан айында Қазақстанда қаза тапқан тәртіп сақшыларының балаларына гранттар берілетіні хабарланған болатын.