Батыс Қазақстан облысына қарасты Жалпақтал ауылында жаңа футбол алаңы ашылды
Спорттық нысанның салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары қатысты

БҚО-ның Казталов ауданына қарасты Жалпақтал ауылдық округінде шағын футбол алаңы ашылды. Спорттық нысанның салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Қадер Нұрғалиев, аудандық мәслихат хатшысы Сәрсенбай Молдашев қатысты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Салтанатты жиында сөз алған Қадер Қадырәліұлы ауданда бұқаралық спортты дамыту бағытында атқарылып жатырған жұмыстарға тоқталып, жалпақталдық ағайынды қуанышымен құттықтады.
«Ауданымыздың спорт саласын дамытуда атқарылып жатырған жұмыстардың үлесі 47 пайызды құрап отыр. Қазіргі уақытта 8 ауылға 31 шағын футбол алаңы салынып, 8 Street Workout алаңдары пайдалануға берілді. Жалпақтал ауылдық округінің өзінде күні бүгінге дейін түлектердің бастамасымен бірқатар игі жобалар жүзеге асырылды, олардың қатарында шағын футбол алаңдары, волейбол алаңы бар. Бұл бұқаралық спорттың дамуына серпін берері сөзсіз. Мемлекет тарапынан бұқаралық спортты дамытуға бағытталған іс-шаралар жалғасын тауып, спортшыларымызды қолдау кенжелеп қалмасы анық», - деді аудан әкімінің орынбасары.
Ауыл спортының дамуының айқын көрінісі іспетті, талай ала доп бәсекелерінің ордасына айналатұғын спорттық нысанның құрылысын «БатысҚұрылысҚызмет» ЖШС сапалы жүргізген. Мердігердің жұмысына көңілі толған ауыл ақсақалдары да өз ризашылықтарын білдірді.
«Спорт – адам денсаулығының кепілі. Осы салада бірқатар спортшыларымыз тер төгіп, қазіргі таңда байрақты бәсекелерде топ жарып жүр. Спортшылардың дайындығы үшін қолдау қажет екендігі анық. Елімізде көп дауға қалатын футбол спортын дамыту да мемлекет алдындағы міндеттердің бірі. Бүгін, міне, ауданымыздың қаржысы есебінен ауылымызда шағын футбол алаңы ашылып отыр. Бұл мемлекеттің жалпы бұқаралық спортты дамытуға қосқан үлесі деп білеміз», - деді Жалпақтал ауылының тұрғыны Қадырболат Қалиоллаұлы.
Айта кетейік, мемлекет қаржысы есебінен 2021 жылы Жалпақталда спорт кешені пайдалануға берілген болатын. Оған қоса, жалпақталдық 1977 жылғы мектеп түлектері 2014 жылы, 1983 жылғы түлектер 2020 жылы шағын футбол және волейбол алаңын, 1972 жылғы түлектер 2021 жылы, 1985 жылғы түлектер 2022 жылдың 25 мамырында шағын футбол алаңын туған ауылдарына сыйға тартты, 1963 жылғы мектеп түлектері 2019 жылы ауылдағы орталық саябаққа волейбол алаңын салып беріп отыр.