Батысқазақстандық бизнес өкілдеріне «Парыз – 2022» сыйлығы тапсырылды
«Парыз» байқауы 2008 жылдан бері өткізіліп келеді
Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін ұғынып, өзгеге қолғабыс етіп жүрген бизнес өкілдеріне дәстүрлі «Парыз-2022» сыйлығы тапсырылды. Шараға БҚО әкімі Ғали Есқалиев қатысты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Парыз» байқауы 2008 жылдан бері өткізіліп келеді. Салтанатты жиын алдында театр фойесінде отандық өнімдер көрмесі ұйымдастырылды. Көрмені аралаған аймақ басшысы шағын кәсіпті дөңгелетіп отырғандармен жүздесіп, кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік қолдаулар туралы әңгімеледі. Облыстың кәсіпкерлері алдында сөз алған өңір басшысы Ғали Есқалиев бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы айтты.
«Құрметті іскер ханымдар мен мырзалар! Сіздер еліміздің дамуына қомақты үлес қосып келе жатырсыздар. «Парыз» сыйлығының мақсаты бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін ұғынған бизнесмендерді табу, анықтау. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген сөз алдымен өз жұмысшыларына дұрыс қарау, жалақыны уақтылы төлеу, біреудің еңбекақысын жемеу, әділ жұмыс жасау, заңға бағыну, салықты уақтылы төлеуден тұрады. Бұдан кейін, әрине, ел ішіндегі көмекке мұқтаж жандарға қолғабыс ету, қолдау көрсету. Ел ішінде ондай азаматтар баршылық. Күні кеше ғана Тұрарбек Тілемісов деген жерлесіміз ауыр науқасқа шалдыққан адамдарға арнап хоспис салды. Ал, «Жайықмұнай» компаниясы Аманжол баламызға үш бөлмелі пәтердің кілтін сыйға тартты. Мен бәріне бірдей алғыс білдіремін. Жоғарыда аталған азаматтарымыздың әрекеті бәрімізге үлгі болсын деймін», - деді Ғали Нәжімеденұлы.
Аймақ басшысы сахнада «Парыз» сыйлығының лауреаттарын марапаттады. «Парыз» сыйлығы төмендегідей аталымдар бойынша берілді. «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясы бойынша «Казбургаз» АҚ және «Шыңғырлау астық қабылдау кәсіпорны» ЖШС марапатталды. «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясын «ТМК-Казтрубпром» ЖШС мен «Әділ» ЖК бөлісті. «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша «Жайықмұнай» ЖШС, «Сартаев» жеке кәсіпкерлігі үздік деп танылды. «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» номинациясы бойынша «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» марапатталды.
Салтанатты жиынның екінші бөлігі Еңбек күні мерекесіне орай ел ішіндегі еңбек адамдарын марапаттауға ұласты.