Қазақ балалары робототехникадан әлем олимпиадасында екінші орын алды
Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов хабарлады
Шымкент қаласы Жабаев атындағы №26 мемлекеттік мектеп пен №9 IT-лицейінің оқушылары Иманғали Мыңжасар мен Бибарыс Михаш робототехника бойынша өткен әлем олимпиадасында жүлделі орындарға ие болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Жарыс Германияның Дортмунд қаласында өтткен. Иманғали Мыңжасар мен Бибарыс Михаштар әлемнің 73 елінен келген командалар арасында жеңіске бір табан жақындап, екінші орынға ие болған.
World Robot Olympiad (WRO) 2004 жылдан бері өтіп келеді. Қазақстан бұл олимпиадаға тек 2014 жылдан бері қатысып келеді. Биыл 73 елдің 365 командасы финалда үздік атаққа таласты. Ал іріктеу кезеңіне бүкіл әлем бойынша 15 000 команда қатысқан.
«Балалардың әлемдік аренадағы жеңістері ерекше мақтаныш сезімін тудырады.
Жас және дарынды жеңімпаздарымызды осындай жоғары нәтижемен құттықтаймын! Сондай-ақ олардың тәлімгерлері мен ата-аналарын да құттықтаймын! Балаларға биік белестерді бағындыра берулеріне тілектеспін!», - деген оқу-ағарту министрі.