«Ауыл аманаты» жобасында шаруаларға қандай қолдау көрсетіледі?

Azattyq Rýhy

2,5 пайызбен шағын несие 2025 жылға дейін беріледі

«Ауыл аманаты» жобасында шаруаларға қандай қолдау көрсетіледі?

Өткен айда Мемлект басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық қоғамдық штабта сөйлеген сөзінде ауылға баса көңіл аударылатынын жеткізді.

«Алдағы үш жыл ауылдық аймақтарды барынша дамытуға арналады. Ауылдағы тұрмыстың қаладағы сияқты жайлы болуына күш саламыз. Игерілмей бос жатқан жерлерді мемлекеттің меншігіне қайтару жұмыстарын тың қарқынмен жалғастырамыз. Ауылдық жерлерді дамытудың кешенді тұжырымдамасы қабылданады. Бүкіл елімізде ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылады. Жеке қосалқы шаруашылықтардың тең жартысы соның құрамына кіреді. Ауыл шаруашылығы саласында 350 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады. Жалпы, кооперативтерді дамыту үшін бюджеттен 1 триллион теңгеден астам қаражат жұмсалады” – деді Президент.

Дәл осындай мақсатта бүгінде ауылды жердің шаруашылығын дамыту үшін «AMANAT» партиясының бастамасымен әзірленген «Ауыл аманаты» жобасы өзінің жұмысын бастап та кетті. Azattyq Ruhy тілшісі жоба сарапшыларының жұмысына қысқаша шолу жасап шықты.

Үкіметтің 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында елімізде «Ауыл аманаты» жобасы басталды. Аталған бастама «AMANAT» партиясының үйлестіруімен жүзеге асырылады.

«Ауыл аманаты» жобасының негізгі мақсаты ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын агро бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу.

Бұл ретте «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауылда кәсібін дөңгелетуді көздейтін кәсіпкерлер үшін 2025 жылға дейін 2,5 пайызбен шағын несие беріледі.

Жоба бойынша микрокредиттерді ісін жаңадан бастаған және жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер; зейнеткерлік жасқа толмаған жұмыстан босатылған қызметкерлер; дара кәсiпкер ретiнде тiркелмей табыс алу мақсатында тауарларды өндiру (өткiзу), жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөнiндегi қызметтi дербес жүзеге асыратын тұлғалар және (немесе) әрекет етпейтiн дара кәсiпкерлер; отбасылық кәсiпкерлiкте ақысыз қызметтi өз бетiнше жүзеге асыратын адамдар; табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен, сату (айырбастау) үшін жеке қосалқы шаруашылықта өнім өндіру жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар; табыстары ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооперативтердің мүшелері ала алады. Микрокредиттер 5 жылға дейінгі мерзімге, ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін – 7 жылға дейін беріледі. Микрокредиттің ең жоғары сомасы - ауылдық елді мекендерде (олардың әкімшілік бағыныстылығына қарамастан) және шағын қалаларда – 2,5 мың АЕК-ке дейінгі соманы құрайды.  Өз кезегінде, кооперативтер малдарды азықтандыру және басқа шығындарды азайтуға көмектеседі.

Қаржыландыру 2023-2025 жылдар аралығында үш кезеңде өтеді. Несие беру 2023 жылы басталады. Шағын кредиттер ірі қара мал өсіруге, құс шаруашылығына, наубайхана немесе кондитерлік өндірісті дамытуға, туризм кәсібімен айналысуға беріледі. Кепіл мүлкі болмаған жағдайда, кәсіпкер меншік иесінің келісімімен кепілдікті нотариалды рәсімдеу арқылы туыстарына немесе достарына жүгінуіне болады.

Осылайша «AMANAT» партиясы аталған жобаны жүзеге асыруға қолдау танытып, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізді. Ауқымды ақпараттық марафон 40 күнге жалғасты. Сарапшылар 28 шілде мен 10 қыркүйек аралығында еліміздің барлық өңірін аралап, тұрғындар арасында «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты мен міндеттерін түсіндірді. Ақпараттық науқан аясында Қазақстанның 17 облысындағы 179 ауданның 394 ауылы мен ауылдық округінен 250 мың адам қамтылды.

«Ауыл аманаты» жобасының бағдарламасы 2023 жылдың қаңтарынан бастап жұмыс істей бастайды, бірақ қазірдің өзінде 8-800-080-4441 нөмірін теру арқылы call-орталыққа хабарласуға мүмкіндік бар.

Жобаның әлеуметтік желіде таратқан хабарламасына сәйкес, ақпараттық марафонның басты мақсаты – мейлінше көп адамға «Ауыл аманаты» жобасы туралы толыққанды түсіндіру. «Кездесулер барысында тренерлер жобаны жүзеге асыру кезінде қандай жетістіктерге қол жеткізу көзделгенін айтып өтті. Мәселен, жоба ауыл тұрмысын жақсартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруды көздейді. Сол межеге жетудің бір тетігі – ауыл бизнесін дамыту. Негізгі мақсат – жергілікті жердің ерекшеліктерін, қажеттіліктерін ескеру. Яғни, жоба барысында ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы салаларын ғана дамыту мақсат емес. «Ауыл аманаты» кез-келген бастаманы қолдауға дайын. Шағын бизнес бастап, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту арқылы жұмыссыздық санын төмендетсе, көздеген мақсатқа жеткені», - делінген «Ауыл АМАНАТЫ» жобасының әлеуметтік желідегі ресми парақшасында.


Жобаның мобильді тобы алдымен Маңғыстау облысына аяқ басты.  «Ауыл аманаты» жобасының сарапшыларымен бірге «AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев те болды.
Оның айтуынша, облысқа бөлінген бюджеттік несие көлеміне және скрининг нәтижесінде алынған ауылдарды несиелендіру қажеттілігіне қарай облыс әкімдіктері алдағы қаржы жылында жобаға қатысатын ауылдық округтерді анықтайды.

Маңғыстау облысынан кейінгі кездесулер Атырау облысында жалғасты.  Мобильді топ құрамындағылар аймақтағы 19 селолық округтің тұрғындарымен кездесіп,  жан-жақты түсінду жұмыстарын жүргізді. Басқосулар барысында жергілікті тұрғындар жеңілдетілген несие алу, субсидияға қол жеткізу, сауатты бизнес жоспар құру, ауыл ерекшеліктерін ескере отырып, негізгі басым салаға бет бұру туралы мәліметтерге құлақ түріп, ауылдағы өзекті мәселелерді көтерді. Нақтырақ айтқанда, аталған аймақта ауыз су тапшылығы, жайылымдық жерлердің аздығы мен жол сапасыздығы мәселелері әлі де түбегейлі шешімін таппай отыр.

Ауыл халқы жобаның бастамасын құп көрді. Өз кезегінде Ақмола облысының тұрғындарын әсіресе кооператив құру мәселесі көбірек алаңдатады екен. Мәселен, Біржан сал ауданы Сәуле ауылының тұрғыны Ғиззат Шолақовтың айтуынша, ауыл тұрғындарының барлығы бірдей кооператив құруға келіспеуі мүмкін.

 «Бағдарлама ауыл тұрғындарына өте пайдалы деп ойлаймын. 2,5%-бен несие алу тиімді. Кооперативке қосылудың да ұтымды тұстары бар. Бірақ оған бәрі бірдей біріккісі келмейді деп қорқамын. Қосылатын да, қосылмайтын да адамдар бар. Егер қосылатын адамдар қасымда болса, кооперативке кірер едім. Кемінде оның құрамында бес адам болу керек деп жатыр ғой», -дейді Ғиззат Шолақов.

Жеке кәсіпкер «Бастау бизнес» бағдарламасы арқылы мемлекеттік қолдауға ие болып, бүгінде жылқы өсіріп, егін егеді. Алдағы уақытта лизингкке техника алып, егістік алқабын кеңейтуді көздеп отыр.

Бұдан бөлек, мобильді топ өкілдері Жамбыл облысының да бірқатар аудандарын аралап шықты. Бизнес-тренер Ұланбек Нұрманов бұрын жылжымайтын мүлікті кепілге қойып, кооператив құру үшін белгілі бір халықты жинау қажет болса, бұл жобада небәрі 5 АЕК көлемінде жарна төлеп, 3 адаммен де бірігуге болатынына баса назар аударды. Оның айтуынша, бұл бизнесті қалайтындар үшін үлкен көмек. Әсіресе шалғай ауылдардағы халықпен кездесуде берілетін кеңестің бірі – ауыл әкімдерімен тығыз байланыста болып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісу. Сондай-ақ, жобаға өзгертулер енгізу барысында ең алдымен адамдардың сұранысы мен тілектері сараланады.

Түсіндіру жұмыстарының көшпелі мобильді тобы Алматы облысының 19 ауылдық округін де аралап үлгерді. Белгілі болғандай, ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несие берудің шарттары айтылып қана қоймай, жобаның орындалу барысы жіті түсіндірілді. Жыл соңына дейін елді мекендерде талдау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде ауыл тұрғындарының ұсыныстары жинақталатын болады. Мұндай хабарды әсіресе Шелек ауылының тұрғындары қуана қабылдады. Өйткені бұл ауылда ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтары, кооперативтер жеткілікті.

«Халық игілігіне жасалған әрбір жоба өз жемісін береді. Кәсібімізді бастағанда біз бұл кооперативке 20 жаста қосылдық. Қазіргі уақытта нәтижесін көріп жатырмыз. Біздің өнімдер ірі дүкендерде сатылады. Ал «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынса, жастарымызға үлкен мүмкіндіктер береді. Өсемін, дамимын деген адам әрқашан жұмыс табады. Менің ойымша, 2,5 пайыздық жеңілдікпен несие алу өте жақсы», - дейді «Шелек фермер» кооперативінің мүшесі Акрам Омаров.

Жалпы алғанда, жобаның мақсатына тек ауыл тұрғындары ғана емес, ауылдық округ әкімдері де оң бағасын беріп отыр. Бүгінде 119 аудан мен 309 ауылда «AMANAT» партиясының мобильді тобының тренерлері ауылдық округ әкімдерін микродеректерді жинауға, маркетингтік талдауға, ауыл экономикасын дамыту үшін перспективалы бағыттарды анықтауға үйретті, сондай-ақ бизнес-жобалардың кейстерімен бөлісті.

Қорыта келгенде, ауыл тұрғындарымен кездесу барысында өңірлердегі өзекті мәселелер айқындалды. Мәселен, Қызылорда облысының кейбір ауылдарында ғана ауыл шаруашылығы дамып келеді. Аудан тұрғындары интернеттің сапасыздығын, тіпті кейбір елдімекендерде оның жоқтығын атап өтті. Ал Батыс Қазақстан облысында инфрақұрылымның жоқтығы көп шаруаға кедергі келтіріп отыр. Кәсіпкерлер ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, кәсіпкерлікті дамыту үшін, әсіресе, ең алдымен жол мәселесін шешу керектігін айтып отыр.

«Сонымен қатар, мал шаруашылығын дамыту үшін жер тапшылығы мәселесі әлі күнге дейін шешілмей келеді. Жергілікті тұрғындар, басқа да көптеген салалар сияқты, егіншілікке ынталы, тәжірибесі бар және мүмкіндіктерін кеңейтуге дайын, сондықтан бірлескен жұмыс үшін кооперативтер құру, жем-шөп пен техниканы арзан бағамен сатып алу тиімді деп санайды», - делінген жобаның ресми парақшасындағы хабарламасында.

Дәл мұндай қиындықтар Атырау облысында да бар. Десе де инфрақұрылымды реттеу және ауыз су тапшылығы мәселесін шешуден, мұндай шаралар кәсіпті тұрақтылыққа бейімдейді.

Айжан Жанатқызы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.