Атырауда сайлау учаскесінде қолөнер көрмесі ұйымдастырылды
Атырауда сайлау учаскесінде қолөнер көрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Атырау қаласы Жұлдыз ықшам ауданындағы №39 жалпы білім беру орта мектебінде орналасқан №251, 252 сайлау учаскесіне келушілерге ерекше жағдай жасалды. Мұнда мектеп оқушыларының үздік деген 20 туындысы және жергілікті қолөнершілер Нұрсұлтан Қалиевтің ағаш-тері бұйымдары мен Айнұр Меңдібайдың қыз жасауы қойылды. Келушілер ұлттық бұйымдар туралы тың ақпараттармен танысты.
«Сайлау учаскесіне келушілер ұлттық бұйымдарымызбен танысып, кейбірі ұнатқан дүниесін сатып алып жатыр. Басты мақсат - халыққа ұлттық өнерді насихаттау, қолөнершілердің еңбегін бағалау, оларды таныту. Баршасының көңіл күйі жақсы. Халық сайлауға белсенді қатысып жатыр», - деді №39 жалпы білім беру орта мектебінің мұғалімі Рита Мұқанова.