Павлодарлық студент дауыс беру үшін Алматыдан арнайы келген
Сайлау учаскелері кешкі сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді
Павлодарлық Эмир Жунусов алғаш рет президент сайлауында дауыс берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Павлодар қаласындағы №11 сайлау учаскесінде таңдауын жасаған Эмир Жунусов Алматы қаласындағы Сәтпаев университетінің 1-курс студенті.
«Оқуға байланысты қазір Алматы қаласында тұрамын. Автоматтандыру және роботтандыру мамандығы бойынша білім аламын. Кеше ғана туған күнім болып, 18-ге толдым. Бұл менің алғашқы сайлауға қатысуым. Өз таңдауын жасау әр азаматтың міндеті деп білемін. Сол үшін Алматыдан арнайы келдім», - деді Эмир Жунусов.
Алғаш рет дауыс берген Эмирге сайлау учаскесінде естелік сыйлық табысталды.
Айта кетейік, №11 сайлау учаскесінде 2030 дауыс беруші тіркелген. Алғашқы адам таңғы 07:00-де дауыс беріп, өз сыйлығын алды. Бұл учаскеде бүгін 8 адам өмірінде алғаш рет дауыс береді.
Сайлау учаскелері кешкі сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді.