Қазақстанның авиациялық әкімшілігі бас директорының орынбасары тағайындалды
Салтанат Томпиева бұған дейін ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды
«Қазақстанның Авиациялық Әкімшілігі» АҚ бас директорының орынбасары болып Салтанат Томпиева тағайындалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ол осыған дейін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
С.Томпиева 1977 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша және TBS (Toulouse Business School) – Aerospace MBA тәмамдаған.
Салтанат Томпиева азаматтық авиация саласындағы еңбек жолын 1998 жылы Азаматтық авиация комитетінің авиациялық қауіпсіздік секторының жетекші маманы болып бастады. 1999-2008 жылдар аралығында стратегиялық жоспарлау бөлімінің, авиациялық қызметтер нарығын қалыптастыру бөлімінің, әуежайлар қызметін реттеу басқармасының, сондай-ақ әкімшілік-құқықтық жұмыс және халықаралық қатынастар бөлімінің бас маманы болып жұмыс істеді.
2008-2012 жылдары – Әуе кеңістігін пайдалану басқармасының, Халықаралық стандарттарды енгізу басқармасының және Халықаралық қатынастар басқармасының бас сарапшысы ретінде еңбек етті.
2012 жылдан бастап 2019 жылға дейін Халықаралық қатынастар және авиациялық тасымалдар басқармасының басшысы және авиациялық тасымалдардың бас мемлекеттік авиациялық инспекторы қызметтерін атқарды.
2019 жылдан бастап 2022 жылдың қараша айына дейін Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарып, ішкі және халықаралық авиатасымалдарды, халықаралық ынтымақтастықты, сол секілді авиация саласындағы мемлекеттік саясатты және қаржы мен кадрлық қызметті қадағалады.