$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Алматы балабақшаларында 19 мың, мектептерде 29 мың орын жетіспейді

Мемлекет басшысы ішкі миграция қарқынды дамып жатқандықтан, осындай мәселелер туындап отырғанына тоқталды

Алматы балабақшаларында 19 мың, мектептерде 29 мың орын жетіспейді
Фото: ашық дереккөзден

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда шұғыл түрде балабақша санын көбейту қажет екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Алматы тұрғындарының саны жыл сайын өсіп жатыр. Соның 60 пайызы көші-қон арқылы жүзеге асады. Бұл жағдай қаланың әлеуметтік инфрақұрылымына елеулі әсер етеді. Қазір қаладағы балабақшаларда 19 мыңнан астам орын жетпейді. Бұл тапшылықты азайту үшін мемлекеттік және жек меншік балабақшаларды шұғыл түрде салу керек.

Сондай-ақ балаларды мемлекеттік білім тапсырысы арқылы мектепке дейінгі жеке білім беру мекемелеріне орналастыру қажет. Әкімдікке үштен алты жасқа дейінгі балалардың 97 пайызын мектепке дейінгі біліммен қамтуды тапсырамын. Бұл міндетті 2025 жылға дейін орындау керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы жұртшылығымен кездесу барысында.

Мемлекет басшысының айтуынша, қаладағы оқушылардың саны жыл сайын орта есеппен 12-15 мыңға артып келеді.

«Сол себепті, мектептерде орын тапшылығы жоғары. Қазір 29 мыңнан астам оқушыға орын жетпейді. Бұл ахуал оқушылардың сапалы білім алуына кері әсер етеді. Алматыда алдағы екі жыл ішінде «Жайлы мектеп» жобасымен 37 мың орындық 22 мектеп салу керек. Басты міндет – 2030 жылға қарай бір ауысыммен оқытуға толық көшу. Ішкі миграция қарқынды дамып жатқандықтан, осындай мәселелер туындап отыр. Алайда жас ұрпақты сапалы балабақша, мектеппен қамтамасыз ету – біздің міндетіміз. Сондықтан бұл тапсырмалар міндетті түрде толық орындалуы керек», - деді Президент.

Серіктес жаңалықтары