Көктемде елорданың 37 аумағын су басуы мүмкін
Биыл астанада қар 2018-2019 жылдардағы нормадан 3 есеге көп жауды
Елордада 30-дан аса аумақты көктемде су басуы мүмкін. Әсіресе қала шетіндегі тұрғын алаптарға қауіп төніп тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Биыл астанада қар 2018-2019 жылдардағы нормадан 3 есеге көп жауды. Тиісінше қауіп те басым. Бас қаланың аумағында көктемде су басуы ықтимал 37 аумақ бар. Әсіресе Қараөткел, Өндіріс, Агроқалашық тұрғын алаптары алаңдатады.
Қалалық әкімдік өкілі даурығуға негіз жоқ дегенді алға тартты. Себебі су тасқынына қарсы кешенді жоспар бекітілген.
«Осы жоспардың аясында барлық магистральдар, аулаішілік жолдар қардан тазартылып жатыр. Өзендердің деңгейі тексерілді. Алаңдатарлық емес. 9 шақырым арық тазаланды. 330 адам, 91 техника дайын. Жанармай жеткілікті. Тұрғындарды көшіру керек болса 4 қонақ үй әзір тұр», - деді отын-энергетикалық кешен және коммуналдық шаруашылық басқармасы бөлімінің басшысы Александр Терещенко.
Қазір «Астана» су қоймасында 242 миллион текше метр су бар. Бұл дегеніңіз қойма тек 58 жарым процентке толы деген сөз. Еріген қарды осы қойма қабылдай алады. Әкімдік өкілі «суағарлар жаппай тазартылады» деді. Реті келгенде айта кетейік, бас қалада жалпы ұзындығы 390 шақырым суағар бар. Соның 27 шақырымы тозған. Әсіресе Тәшенов, Бараев көшелері мен Тәуелсіздік, Республика даңғылдарындағы жағдай өзекті.
«Бауыржан Момышұлы даңғылында жаңадан суағарлар салынып, ескілері жөнделеді. Тиісінше арнадан ағатын су көлемі 8 мыңнан 21 мың текше метрге дейін ұлғаяды. Биыл қалада жаңадан 11 суағар салынады. Тар арналар кеңейтіледі. Бұл бағытта 16 жоба қарастырылып жатыр. Сондықтан мына көріністер алдағы уақытта қайталанбас деген үміт бар», - деді Александр Терещенко.