ҰҚК 100 келі киік мүйізін шетелге жөнелтпек болғандарды қолға түсірді
Ұсталған адамдар жақын шетелге жөнелте отырып, дериваттармен сауда жасады деген күдікке ілінді
ҚР ҰҚК жалпы салмағы 100 кг-нан асатын 983 киік мүйізін шетелге шығармақ болғандарды қолға түсірд, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
2022 жылғы 10 қарашада жедел ақпаратты іске асыру нәтижесінде ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті полиция органдарымен бірлесіп «Бүркіт» арнайы бөлімшесінің қызметкерлерін тарта отырып, Қазақстан Республикасының бес азаматын ұстады.
Олардың көлігін тінту барысында жалпы салмағы 100 кг-нан асатын 983 киік мүйізі табылды.
Ұсталған адамдар жақын шетелге жөнелте отырып, дериваттармен сауда жасады деген күдікке ілінді.
«Аталған факт бойынша ҚР ҚК-нің 339-бабы бойынша (Өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», - деп көрсетті ведомствоның баспасөз қызметі.