Алматы облысында түрмеде жазасын өтеп жатқан әйел егіз босанды
Сәбилер 3 жасқа толғанша аналарымен бірге болады
Алматы облысында жазасын өтеп жатқан әйел егіз босанды. Қос қызды дүниеге әкелген әйел сәбилерімен бірге түрме ішіндегі балабақшада тұрып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Әйел жазасын өтеу мекемесіне жүктіліктің 34 апталығында түскен. Сотталған ана сәбилерге Ольга және Зинаида деген есімдерді берді. Қос егізді қоса санағанда қазір Жауғашты түрмесінде дүниеге келген 34 сәби өмір сүріп жатыр. Олар 3 жасқа толғанша аналарымен бірге болады.
«Мекеме әкімшілігі өз кезегінде ана мен сәбилерге қажетті заттармен, соның ішінде киімдер, балалар тамағы, жөргектермен қамтамасыз етті. Қазіргі уақытта жас ана мен дүние есігін ашқан сәбилер мекеме ішіндегі балалар қалашығына орналастырылды. Ана мен балалардың денсаулықтары жақсы, дәрігерлердің бақылауында. Түрмеде егіз табу соңғы рет 20 жыл бұрын болған. Ол кезде дүниеге келген егіздің бірі қыз, екіншісі ұл бала болатын», - деді Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖД баспасөз қызметінің жетекшісі Индира Төрехановна.
Сәбилер 2150 және 2400 гр салмақпен дүниеге келген. Небәрі 21 жасында сотталған жас әйелге ҚР ҚК 188 (ұрлық ) және 190 (алаяқтық) баптары бойынша айып тағылған. Қылмыстық атқару жүйесі Департаментіне қарасты №10 мекемесінде қазір 500 астам әйле жазасын өтеп жатыр. Жаза кесілгендердің ең жасы жиырмаға толмаған қыздар болса, ең қариясы 80 жастағы әже.