$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстан азаматтығын алғысы келетіндердің қазақ тілін білу деңгейі ескерілмек

Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді

Қазақстан азаматтығын алғысы келетіндердің қазақ тілін білу деңгейі ескерілмек
Фото: tengrinews.kz

Қазақстан азаматтығын алғысы келетіндердің қазақ тілін білу деңгейі ескерілетін болады. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов депутаттық сауалға берген жауабында атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.  

Қоныс аударушылардың қос азаматтығын тексеруге және құқықтық шаралар қабылдауға қатысты пікір білдірген Әлихан Смайылов бүгінде заңға түзетулер енгізілгенін атап өтті.

«Қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңға мемлекеттік тілді, тарих пен ұлттық заңнаманың негіздерін білмеуді азаматтыққа қабылдаудан және қалпына келтіруден бас тарту үшін қосымша негіз ретінде көздейтін, сондай-ақ қос азаматтығы фактілерінің алдын алуға бағытталған түзетулер әзірленді», - деді ол.

Аталған заңнамалық бастамалар Парламент депутаттары бастама жасаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көшіқоны саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша Парламент депутаттарының түзетулеріне Үкімет қорытындысының жобасына енгізілді.

Ал Қазақстанға Ресей азаматтарының көші-қоны туралы сауалға жауап берген Үкімет басшысы қалыптасқан жағдайды реттеу мақсатында Үкімет көші-қон мәселелері бойынша төрт кеңес өткізгенін мәлімдеді.

«Кеңес қорытындысы бойынша барлық қажетті шешімдер қабылданып, уәкілетті мемлекеттік органдар мен өңірлердің әкімдіктеріне нақты тапсырмалар берілді», - деді ол.

Үкімет қабылдаған шаралардың нәтижесінде:

- Ресей Федерациясымен (бұдан әрі – РФ) шекарада Қазақстан азаматтары үшін тұрақты «жасыл дәліз» ашылды;

- өткізу пункттерінде шетел азаматтарының құқықтары мен жауапкершілігі, көші-қон қызметіне хабарлау, халыққа қызмет көрсету орталықтарының, «1414» байланыс орталығы жұмысының тәртібі көрсетілген арнайы ақпараттық стендтер ұйымдастырылды;

- өңірлерде тіркелмеген мигранттарды анықтау үшін мобильді мониторингтік топтар құрылды;

- жағдайды тұрақсыздандыру және жалған ақпарат тарату әрекеттері, әсіресе әлеуметтік желілерде бақылануда және тоқтатылуда;

- елге келушілер үшін уақытша тұру орындары ұйымдастырылды, олардың тіркелуі, орналасуы және тұруы үшін қажетті жағдайлар жасалды;

- жалдамалы тұрғын үй, қонақ үйлер мен жатақханаларда тұру бағасын бақылау қамтамасыз етілді, келушілер үшін де, Қазақстан Республикасының 2 азаматтары үшін де жалға берілетін тұрғын үй мәселесі бойынша «жедел желі» телефондары ашылды;

- қоғамдық тәртіпті қорғау күшейтілді және болуы мүмкін, оның ішінде тұрмыстық және ұлтаралық қақтығыстардың және т.б. жолы кесілді.

Сондай-ақ Премьер-министрдің бірінші орынбасары Р. Склярдың төрағалығымен Халықтың көші-қоны саласындағы мәселелерді үйлестіру жөніндегі штаб құрылды.  Ұлттық нарықты қорғау, мемлекеттік шекарада және шекара маңы өңірлерінде бақылауды күшейту, көші-қон заңнамасын сақтау жөніндегі шараларды, сондай-ақ келушілерді уақытша қоныстандыруға және бейімдеуге жәрдемдесуге бағытталған шараларды көздейтін көші-қонның өсуіне байланысты тәуекелдерді басқару жөніндегі іс-қимыл жоспары әзірленді. Осы жылғы қазан айында алдыңғы аймен салыстырғанда ресейліктер 65%-ға аз келген және күн сайынғы теріс сальдо орташа есеппен 1,6 мың адамды құрап отыр. Күн сайын келетін РФ-ның азаматтарының саны мемлекеттік шекарадан өтудің орташа әдеттігі деңгейіне оралды.

«Елімізде мемлекеттік тілді, қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетін үйренгісі келетіндер үшін 40 Достық үйінде жұмыс істейтін 174 жексенбілік мектепте мемлекеттік тілді тегін үйренуге жағдай жасалған, онда мемлекеттік тілді үйренумен қатар, қазақ мәдениеті мен әдет-ғұрпымен таныстыру ісшаралары өткізіледі. Мигранттар мемлекеттік тілді әкімдіктер жанындағы «Тіл» оқу-әдістемелік орталықтарының базасында да үйрене алады. «Халықтың көші-қоны туралы» Заңында көшіп келушілерге қандастарды бейімдеу және интеграциялау орталықтарында ақылы бейімдеу және интеграциялық қызметтер алу құқығын беретін норма қарастырылған», - деді Ә. Смайылов.

Серіктес жаңалықтары