$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Нәпақадан айырылдық»: Тараздағы саудагерлер көшенің жабылғанына наразы

Шаһар әкімдігі бұл мәселеден хабардар

«Нәпақадан айырылдық»: Тараздағы саудагерлер көшенің жабылғанына наразы
Алматы арнасы

 «Нәпақадан айырылып, қарызға батып отырмыз». Бұл - Тараздағы «Ауыл береке» базарында жұмыс істейтін саудагерлердің жанайқайы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы арнасына сілтеме жасап.

«Ауыл береке» базарымен қатарласа тағы бірнеше сауда нүктесі орналасқан. Алты айға жуық уақыттан бері Мәмбет батыр көшесі жөндеуге жабылып, кәсіпкерлерге ыңғайсыздық тудырған. Келушілер қатары сиреген соң, базардың тынысы тарылып, жағдай күрт өзгерген. Бұл жайт мыңдаған саудагердің қалтасын қаққан көрінеді.

«Базарда ешкім жоқ. Неге десеңіз көлік жүрмегендіктен адам да, сауда да жоқ. Біз деген қиналып кеттік. Ана жерде құлап жатқан адам бар. «Бүгін мен төлемесем, затымды алып кетеді банк» деп. Сөйтіп жылап, шаштарын жұлып жатқан адамдар көп. Біздер деген өкіметтің қазынаға салық төлеп отырған кәсіпкерлер емеспіз ба? Біз арқылы қала да өмір сүрмей ме? Ең болмаса жолдың бір бетін жауып, екінші бетін ашық қалдыруға болмай ма?» – деді саудагер Нұршай Оспанбекова.

Ал көпшіліктің айтуынша, базарға барар жолдағы шақырымға созылған көлік кептелісі сарсаңға салады. Жұмыстың онсыз да қарқынды жүргізіліп жатқанын тілге тиек еткен мердігер компания өкілдері көшені жауып тастаудан басқа амал қалмағанын алға тарты.

«Ауа райы қолайлы болса, қараша айында жұмысты бітіруді жоспарлап отырмыз. Қазір барлық күш жігерімізді салып жатырмыз. Саудагерлерді де түсінуге болады. Бірақ жолдың бір бөлігін ашқанымызда, көлік жүргізушілері жұмысқа кедергі болды», – деді мердігер компания өкілі Любовь Муравьёва

Шаһар әкімдігі бұл мәселеден хабардар. Олар жолды жөндеу жұмыстарын жіті назарға алып, тиісті шара қолданатынын жеткізді.

«Нысан әлі пайдалануға қабылданған жоқ. Сол себептен мерзімінен өтіп жатқанына байланысты оларға әр күніне 0,1 пайыз айыппұл салып жатырмыз», – деді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаев.

Жол жырының қашан бітетіні белгісіз. Ал қараша халық уақытша жол азабын көруге мәжбүр.

Серіктес жаңалықтары