Елімізде тауар сапасына қатысты айыппұл көлемі 140 млн теңгені құраған
Техникалық реттеу және метрология комитеті мемлекеттік бақылау қорытындысын жариялады

Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аумақтық департаменттердің биылғы 10 айдағы мемлекеттік бақылаудың негізгі қорытындылары туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Тексеру тауарларды сату сатысында тауарлардың қауіпсіздігіне, зергерлік бұйымдарды өткізу-өлшеу құралдарын мемлекеттік метрологиялық бақылау саласында жүргізілді.
Төрағаның айтуынша, жыл басынан бері аумақтық департаменттер мемлекеттік бақылауға алынған іс-шараларға бір мыңнан астам тексеру жүргізді. Оның ішінде 865 жағдайда заңбұзушылық анықталған.
«122 ұйғарым берілді, әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс бойынша 155 қаулы шығарылды. Әкімшілік айыппұлдар сомасы 140,6 млн теңгені құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 77%-ға жоғары көрсеткіш», - деді Қуаныш Елікбаев.