Алматыда жауған қалың қардан кейін сексеннен астам жол апаты болды
82 жол апатынан 17 адам зардап шеккен
Алматы қаласының әкімдігі қар жауғаннан кейінгі жолдағы апатты жағдай туралы айтты, деп жазады inAlmaty.kz.
Жергілікті полиция қызметінің басшысы Төрехан Исиннің айтуынша, Алматыда қалың қар жауғаннан кейін жол апаты 25 пайызға артқан.
«82 жол апатынан 17 адам зардап шекті. Салыстыру үшін айта кетсек, 15 ақпан күні 61 жол апаты болған», - деді полиция басшысы.
Энергия тиімділігі және инфрақұрылымдық даму басқармасы хабарлағандай, қалың қардан 14 электр желісіне зақым келген. Олардың тоғызы Наурызбай ауданына тиесілі.
«0,4 кВ желісі бойынша 19 апаттық өшу болды. Бұл апаттарды жөндеуге 13 бригада, қосымша 6 бригада жіберілді. Барлығы 30 техника мен 70 монтер жұмылдырылды. Жарықтандыру желілері бойынша 202 шақырту түсті. 164 апат жойылды», - деді басқарма өкілдері.
Естеріңізге сала кетсек, 16 ақпанда Алматыда қалың қар жауған еді. Қар қалыңдығы қала ішінде 15 сантиметр, таулы аймақтарда 25 сантиметр болды.