Қазақстанда газет, кітап шығару қызметі айтарлықтай төмендеген
Бұл сала бойынша компьютерлік ойындар жасау қызметінде ғана өсім бар
Қазақстанда баспа қызметінің көлемінде айтарлықтай төмендеу бар. 2019 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша қызмет көлемі 17,4 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес мерзімімен есептегенде 16,3%-ға төмендеген. Бұл қызмет бойынша 2018 жылдың қаңтар-маусым айларындағы физикалық көлем индексі 81,2%. Бұл туралы energyprom.kz хабарлайды.
Жалпы алғанда, 2018 жылы бұл қызмет көлемі 48,8 млрд теңге болған, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 3,8 млрд теңгеге азайған. Демек, баспа қызметінің көлемінде жылдан жылға төмендеу бар.
Аймақтар арасында басқа қызметі көлемі бойынша әдеттегідей Алматы (6,2 млрд тг) мен Нұр-Сұлтан (4,3 млрд тг) қалалары алда тұр. Бұл қалалардағы қызмет көлемі 21,7% және 24,9%-ға азайғанмен, бәрібір басқа өңірлермен салыстырғанда бірінші келеді. Үшінші орында Атырау облысы, өңірлер арасында қызмет көлемі айтарлықтай артқан өңір (34,9%).
Баспа қызметінің шамамен тең жартысы газет шығаруға тиесілі. Осы жылы 8,2 млрд теңгені құрап, 2018 жылдың қаңтар-маусым айларымен салыстырғанда 1,3%-ға азайыпты. Журналдар мен мерзімді басылымдарды шығару көлемі 2,4 млрд теңгені құрап, бір жылда 1,5%-ға өскен. Кітап шығару ісі 39,4%-ға азайып, 1,2 млрд теңгені құраған. Бұл сала бойынша компьютерлік ойындар жасау қызметінде ғана айтарлықтай өсім бар: 61,4%-ға өсіп, 41,7 млн теңгені құраған.