ТМД елдері қашқын жемқорларды бір біріне ұстап беруге келісті – Антикор
Бұл құжат 2008 жылы әзірленіп, тараптар тек 2022 жылы қол қоюға келісті
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер қашқын жемқорларды бір біріне ұстап беруге келісті. Бұл туралы Azattyq Ruhy ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
2022 жылғы 14 қазанда Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ТМД мемлекеттері Басшылары кеңесінің кезекті отырысы өтті, оның шеңберінде мемлекет басшылары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы ынтымақтастығы туралы келісімге қол қойды.
«Бұл құжат 2008 жылы әзірленіп, тек 2022 жылы тараптар түпкілікті редакциясына және жоғары деңгейде қол қою туралы келісті.
Келісімнің қолданылуы сыбайлас жемқорлық туралы қылмыстық істер бойынша жәрдем көрсетуге; сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге ықпал ететін үйлестірілген және келісілген іздестіру іс-шараларын және басқа да шараларды жүргізуге мүмкіндік береді», - делінген ведомство хабарламасында.