16 ақпанға арналған ауа райы болжамы
Синоптиктер жексенбі күніне арналған ауа райы болжамын ұсынды
«Қазгидромет» РМК 16 ақпанға арналған ауа райы болжамын ұсынады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Атмосфералық ауа ағындардың өтуіне байланысты республиканың басым бөлігінде құбылмалы ауа райы сақталады. Елдің солтүстік бөлігінде қар, оңтүстік жартысында жауын-шашын (жаңбыр, қар түрінде) жауады. Кей жерлерде тұман, көктайғақ, бұрқасын, желдің күшеюі күтіледі.
Қарағанды, Қостанай, Ақмола, түнде Қызылорда облыстарының кей жерлерінде жаяу бұрқасын, тұман, көктайғақ күтіледі, жел 15-20 м/с күшейеді.
Алматы облысының кей жерлерінде тұман, көктайғақ күтіледі, жел 17-22 м/с жылдамдықпен соғады, түнде Жалаңашкөл ауданында жел 30 м/с дейін жетеді.
Жамбыл, түнде және таңертең Түркістан облыстарының кей жерлерінде тұман, көктайғақ күтіледі, жел 15-20 м/с күшейеді, түнде Жамбыл облысында екпіні 23-28 м/с.
Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарының кей жерлерінде тұман түсіп, жел 15-20 м/с күшейеді, Шығыс Қазақстан облысында боран соғады.
Атырау, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының кей жерлерінде тұман түсіп, көктайғақ күтіледі.