Министр Қазақстанда тағы қай бағыттағы жолдар ақылы болатынын айтты
Жыл басынан бері жалпы алымдар 4 млрд теңгені құрады
Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев 2025 жылға дейін елімізде қай бағыттағы жолдар ақылы болатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ведомство басшысы бүгінде ақылы учаскелердің ұзындығы 2,2 мың шақырымды құрайтынын атап өтті. Жыл басынан бері жалпы алымдар 4 млрд теңгені құраған.
Айта кетерлігі, жеңіл көліктер үшін тариф 1 шақырымға 1 теңге болса, жүк көліктері үшін 1 шақырымға 25 теңге тұрады.
«Жолдарды одан әрі өзін-өзі ұстауға көшіру үшін ұзындығы 2,5 мың шақырымды құрайтын ІІ санаттағы жол учаскелеріне стандартты жағдайға келтіргеннен кейін ақылы ету жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді министр.
Мәселен, МИИР мәліметі бойынша, Қызылорда – Арал, Ақтөбе – Орал, Ақтөбе – Орынбор, Қайнар – Бішкек, Жетібай – Шетпе – Бейнеу – Ақжігіт, Павлодар – Семей, Солтүстік айналма – Астана, Орал – Саратов, Көкшетау – Петропавл, Астана – Атбасар, Павлодар – Омбы, Семей – Қалбатау жолдары ақылы болмақ.
«Жалпы, 2025 жылға дейін жол учаскелерін қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан кейін 11 мың шақырымға кезең-кезеңімен ақы төлеу жүргізіледі», - деп қосты Қайырбек Өскенбаев.