Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әкіміне бірқатар тапсырма берді
Алматы жеке инвестиция көлемі жөнінен өңірлер арасында бірінші орында тұр
Мемлекет басшысына Алматы қаласының биылғы тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындысы туралы есеп берілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қала әкімі Президентке экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларының орындалуы жөнінде баяндады. Есеп беріліп отырған кезеңде қысқамерзімді экономикалық индикатор 105 пайызға жеткен. Өңдеуші өнеркәсіп – өсімнің негізгі драйверіне айналды. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 22,1 пайызға артқан. Алматы жеке инвестициялар көлемі жөнінен (22,4 пайыз) өңірлер арасында бірінші орында. Қалада іскерлік белсенділік қалпына келді. Биылғы тоғыз айда жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 37,2 пайызға артты», - делінген хабарламада.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасының жүзеге асырылуы және 2030 жылға дейінгі ортамерзімді перспективалары, сонымен қатар дамудың бекітілген негізгі басымдықтарын ескере отырып, қаланың 2040 жылға дейінгі жаңа Бас жоспарын әзірлеу барысы туралы баяндалды.
Мемлекет басшысына инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары, мектептердегі орын тапшылығын төмендету үшін қабылданып жатқан шаралар, бірыңғай бейнемониторинг жүйесін құру жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы мәлімет берілді.
Кездесу соңында Президент қаланың экономикасын одан әрі әртараптандыру және инфрақұрылымын жаңғырту жөнінде тапсырма берді.