Павлодарда мектепте жарақат алған оқушылардың не үшін жанжалдасқаны анықталды
Дене жарақатын келтірген оқушының заңды өкілдеріне қатысты әкімшілік іс қозғалды

Павлодарда мектепте жарақат алған оқушылардың не үшін жанжалдасқаны анықталды. Полиция мектептердің бірінде болған жанжал фактісі бойынша тексеру жүргізуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 14 қазан күні сағат 17.26-да полицияға Ткачев көшесінде орналасқан мектептің оқушылары арасындағы жанжал фактісі бойынша хабарлама түскен.
«Полиция қызметкерлері үзіліс кезінде сағат 16.35-те баспалдақ алаңында 7-ші және 8-ші сыныптардың 2008 және 2009 жылы туған екі оқушысы арасында иық соқтығысуына байланысты жанжал туындағанын анықтады. Кәмелетке толмағандардың бірі екіншісінің беті мен желке аймағына кеңсе пышағымен дене жарақатын салған, сондай-ақ өзінің оң қолының саусақтарын жарақаттаған», - деп хабарлады жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы Арай Төлемісова.
Кәмелетке толмағандар ауруханаға жеткізіліп, тексеруден кейін екеуі де үйге амбулаториялық негізде жіберілген.
Жәбірленушінің ата-анасы арыз беруден бас тартқан.
Дене жарақатын келтірген оқушының заңды өкілдеріне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Естеріңізге сала кетейік, зардап шеккен 2008 және 2009 жылы туған жасөспірімдер жедел жәрдеммен облыстық балалар аурухнасына кеше сағат 16:55-те жеткізілді. Олардың бірінде оң қолының саусақтары, екіншісінде мойын, жақ сүйек және желке тұсы жарақаты мен білегі кесілген.