БҰҰ Ресей референдумына қарсы қарарды дауысқа салды: Қазақстан қалай дауыс берді
БҰҰ қарарын 143 ел қолдады, 35 мемлекет дауыс беруден бас тартты
БҰҰ Бас Ассамблеясы 143 дауыспен «Украинаның аумақтық тұтастығы: БҰҰ Жарғысының қағидаттарын сақтау» қарарын қабылдады. Онда мемлекеттер Ресей Федерациясының референдумын заңсыз деп айыптады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy БҰҰ-ның ресми сайтына сілтеме жасап.
Бас Ассамблея Украинаның егемендігіне, тәуелсіздігіне, аумақтық тұтастығына және халықаралық деңгейде танылған шекараларына қатысты ұстанымын тағы да растады.
«Бас Ассамблея Ресей Федерациясының Украинаның халықаралық танылған шекараларында орналасқан аймақтарда заңсыз референдумдар ұйымдастыруын және аталған референдумдар ұйымдастырылғаннан кейін Украинаның Донецк, Запорожье, Луганск және Херсон облыстарын заңсыз аннексиялау әрекетін айыптайды», - делінген қарарда.
Қарарда барлық мемлекеттерге, халықаралық ұйымдарға және БҰҰ-ның мамандандырылған мекемелеріне Ресей Федерациясының Украинаның Донецк, Запорожье, Луганск және Херсон облыстарының кез келгенінің немесе бәрінің мәртебесін өзгертуін мойындамауға шақырған. Құжат авторлары кез келген өзгертілген мәртебені тану деп түсіндіруге болатын іс-әрекеттерден немесе қадамдардан бас тартуды талап етті.
БҰҰ Бас Ассамблеясы Мәскеуден «2022 жылдың 21 ақпаны мен 29 қыркүйегіндегі Украинаның Донецк, Запорожье, Луганск және Херсон облыстарының жекелеген аудандарының мәртебесіне қатысты шешімдерін» дереу және сөзсіз жоюды талап етті. Себебі бұл шешімдер Украинаның аумақтық тұтастығы мен егемендігін бұзады және БҰҰ Жарғысының принциптеріне қайшы келеді. Ассамблея Ресейдің барлық қарулы күшін халықаралық деңгейде танылған шекараларында Украина аумағынан дереу, толық және сөзсіз шығаруды талап етті.
Айта кететін жайт, БҰҰ Бас Ассамблеясының Ресейдің Украина аумағында референдум ұйымдастыруын айыптау туралы қарарын 143 ел қолдады. 35 мемлекет дауыс беруден бас тартты. Олардың ішінде Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия бар. Ал Ресей, Сирия, Беларусь, Никарагуа, КХДР құжатты қолдаған жоқ.