Ақтөбе облысында мал іздеуге шығып, жоғалып кеткен жігіт аман табылды
Ол далада кенеттен ауырып қалып, қозғала алмай қалған
Ақтөбе облысында мал іздеуге шығып, жоғалып кеткен жігіт аман табылды. 18 жастағы азамат далада ауырып қалып, жүре алмай қалған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
7 қазанда сағат 19:49-да Мартөк аудандық 15-ӨСБ-нің қашықтан басқару пультіне 2004 жылы туған жігіт сағат 14:30-да мотоциклмен мал іздеуге шығып, содан үйіне оралмағаны туралы хабарлама келіп түсті.
«Мартөк аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің үш қызметкері, сондай-ақ аудандық полиция бөлімінің 10 адамы және 5 техника, 10 ерікті, жергілікті атқарушы органның 5 өкілі және 35 жергілікті тұрғын шұғыл түрде жолға шықты. Іздеу шарасы күннің қараңғы болуына байланысты сағат 23:45-те тоқтатылып, таңғы 8:30-да қайта жалғасты», - деп хабарлады Ақтөбе облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Іздеу жұмыстары барысында 8 қазан күні сағат 10:05-те дронның көмегімен Мәртөк ауылынан 10 шақырым қашықтықтағы Жаңатаң ауылы маңындағы теміржолға қарама-қарсы орман аумағынан жоғалған азамат табылды.
Жігіт есін біледі, бірақ іші қатты ауырғандықтан орнынан қозғала алмаған. Мартөк аудандық ауруханасына жеткізілді.