Түркістанда қаржы пирамидаларын құрған 25 адам сотталды
Бәрінің дүние-мүлкі тәркіленді
Түркістан қалалық соты «Индиго 24» және «Evolution Corpоration» қаржы пирамидаларын құрған 25 адамға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұйымдасқан қылмыстық топ басшысы мен екі құрылтайшысы 12 жылға сотталды. Қылмыстық топ басшысының сенімді серігі болған 5 адам 10 жылға, қалған 17-сі 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Бәрінің дүние-мүлкі тәркіленді. Жазаны өтеп шыққан соң 7 жылға дейін қаржылық ұйымдарда жұмыс істеуге тыйым салынды. Сотталушылар өздерінің қылмыстық іс әрекетін 2017 және 2020 жылдар аралығында Түркістан, Маңғыстау, Жамбыл облыстары мен Шымкент, Астана және Алматы қалаларында жүзеге асырған.
«Әр өңірде өздерінің өкілдері болған, солар адам тартып, оларға «ақша салсаң көбейтіп аласың» деп солай алдап, ақшаларын салдырған. Жалпы шығын 3 млрд теңгеден астам. 2073 жәбірленуші бар. 25 сотталушы. Істің өзі өте ауқымды, қазір соттың өзінде 1 жыл 1 ай қаралды. Мың томнан асады», - деді . Түркістан облыстық сотының баспасөз хатшысы Әсет Серікбаев.