$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

СҚО-да Мамлютка қаласының тұрғындары құрылысы аяқталған қазандық пен көпқабатты үйдің қызығын көре алмай отыр

Ал құрылысты жүргізген мердігер әлі күнге әкімдіктен еңбегінің ақысын ала алмай жүр

СҚО-да Мамлютка қаласының тұрғындары құрылысы аяқталған қазандық пен көпқабатты үйдің қызығын көре алмай отыр

Солтүстік Қазақстандағы Мамлютка қаласының тұрғындары жаңадан салынған жылу қазандығының игілігін көре алмай отыр. 8 жылға созылған құрылыс былтыр аяқталған болатын. Аудан әкімдігі бірнеше рет байқау жарияласа да нысанды сенімді басқаруға алып, халыққа коммуналдық қызмет көрсететін компания табылмаған. Әкімдік қызметкерлері қыс бойы негізгі міндетін ысырып қойып, қазандықты өздері жағуға мәжүр болған еді. Биыл да қазандық жай тұр. Өйткені жұмыс істейтін мердігер жоқ. Салдарынан ауданның орталығы Мамлютка қаласында көпбалалы отбасылар мен жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арнап салынған көпқабатты үйдің иелері өз баспаналарына көше алмай отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

ӘКІМДІККЕ СЕНГЕН ТҰРҒЫНДАР ҚЫС БОЙЫ ЭЛЕКТР ҚҰРЫЛҒЫЛАРМЕН КҮНЕЛТТІ

Жылу қазандығының құрылысына 39 млн теңге жұмсалды. Нысан аудан орталығындағы әлеуметтік, әкімшілік ғимараттар мен бірнеше көпқабатты үйге қызмет көрсетуі тиіс еді. Алайда құрылысының аяқталғанына 1 жылдан асса да, халық оның пайдасын көре алмай отыр. Шенеуніктердің сөзіне сеніп қалған тұрғындардың кейбірі үйіндегі пештерін де алып тастаған.

«Өткен жазда әкімдіктен адамдар келіп, үйімізді жылу жүйесіне қосамыз деді. Қуанғанымнан оларға сеніп, баспанамдағы пешті алып тастадым. Бірақ жоба сол күйі жүзеге аспай қалды. Салдарынан қыстың қақаған аязында пәтерімді электр құрылғысымен жылытуға мәжбүр болдым. Екі балам бар. Отбасымызбен тоңып, қыс бойы ауырып шықтық. Жергілікті биліктегілер сөзінде тұрмаған соң, биыл 450 мың теңгеге ұзақ жанатын соңғы үлгідегі пеш сатып алып, орнаттым. Қалада тұрамыз деген аты ғана. Міне, әлі отын-көмір дайындаймыз. Оның үстіне әкімдерге сенуден қалдық. Олар былтырдан бері осы мәселені шеше алмай жүр», - дейді Мамлютка қаласының тұрғыны Гүлмира Зиль.

МЕРДІГЕР ӘКІМДІКТЕН ҚАРЫЗЫН АЛА АЛМАЙ ЖҮР

Ал құрылысты жүргізген мердігер әлі күнге әкімдіктен еңбегінің ақысын ала алмай жүр. Бірнеше рет сотқа беріп, ұтып та алған. Алайда аудан әкімі құзырлы органның шешімін орындауға асығар емес. Мемлекеттік мекеме кәсіпкерге 10 млн теңге берешек.

«Былтыр аудан әкімі Владислав Лукинмен ортақ шешімге келуге тырысқан едім. Бірақ одан ештеңе шықпады. Амалым таусылған соң сотқа арыз жаздым. Екі сотта мен жеңіп шықтым. Енді келер аптада аппеляциялық сот басталады. Дегенмен қыс келіп қалды. Қазандықты қазір іске қоспасақ, барлық құбырлар жарылып кетуі мүмкін. Сосын ертең оған кім жауап береді? Кім оны қайта қалыпқа келтіреді? Оның үстіне жыл басында мен аталған нысанда сараптама тағайындауға өтініш бердім. Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылығы басқармасындағы мамандар мені қолдап, тиісті тексеру жұмыстарын жүргізді. Қорытындысы қолымда. Бірталай құрылғылар жарамсыз болып қалған. Ал бүгінгі күні олардың бағасы 2-3 есеге дейін қымбаттап кетті. Бұл тағы шығын ғой. Егерде аудан орталығына бұл қазандықтың керегі болмаса, не үшін бюджеттен қыруар қаржы жұмсап оны салдыртты? Миллиондаған ақша желге ұшып отыр», - дейді мердігер Евгений Лебедько.

30 ОТБАСЫ ЖАҢА ПӘТЕРЛЕРІНЕ КӨШЕ АЛМАЙ ЖҮР

Аудан орталығында өткен жылы жаңадан тұрғын үй бой көтерді. 30 пәтерлі баспана былтыр желтоқсан айында халық игілігіне берілуі тиіс болатын. Көпбалалы аналар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар пәтер алулары керек еді. Бірақ бәрі сөз жүзінде ғана қалды.

«Жаңа үй деген аты ғана. Былтыр құрылыстың қалай жүріп жатқанын өз көзімізбен көріп, шошыған едік. Жылу дұрыс берілмеген соң, ішкі әрлеу жұмыстары сапасыз атқарылды. Төбесінің сылағы талай рет құлады. Біздің көршілеріміз сонда жұмыс істеді. Айта берсең, кемшіліктері өте көп. Жаңа үйде қателеспесем қазір жылу, тіпті жарық та жоқ. Аумағы міне қоршаулы тұр. Біздің балаларымызды қарауыл алаңқайға да жолатпайды. Ешкім бармаған соң, маңайын шөп басып кетті», - деді Гүлмира Зиль.

Құрылыс жұмыстары осыдан жарты жыл бұрын аяқталған. Бірақ, баспана кілттері халыққа әлі берілмеген. Жылу болмаған соң нысанның қабырғалары сыз тартып жатыр. Қыс бойы осылай тұрса, үйдің бүлінуі әбден мүмкін.

«Нысан дайын тұр. Бірақ әкімдіктегілер оны қабылдамай отыр. Нақты не үшін екенін білмеймін. Қазір үйдің бөлек өз жылу қазандығы жоқ. Былтыр құрылыс жұмыстары жүргізілген кезде біз орталық қазандыққа қосылдық. Қазір күндіз мүмкіндігінше терезелерді ашып қоюға тырысамын. Пәтерлерді желдету үшін. Ал батареялар болса салқын. Жылу жоқ. Қабырғалары кеппей қалса, ертең сыз тартып бүлінуі мүмкін. Ауысымда болған кезде түнде электр құрылғысын пайдаланамын», - дейді күзетші Қозыбай Заринов.

Ал аудан әкімімен тілдесу мүмкін болмады. Қоластындағылары шенеуніктің жұмыс орнында жоқ екенін айтты. Орынбасары да бұл мәселеден хабары аз екенін айтып ақталмақ болды.

«Мен әкім орынбасары лауазымына жақында ғана кірістім. Бір ай уақыт болған жоқ. Сондықтан көп нәрсені әлі дұрыс біле бермеймін. Естуімше, қазір ораталық қазандықты сенімді басқаруға беру үшін конкурс жарияланды. Порталға тіркелді. Тіпті компаниялардың бірімен арнайы келіссөздер де жүргізіліп жатыр. Менің ойымша үйді тапсырғанша, біз жылу қазандығын іске қосып үлгереміз деген ойдамын», - деді Мамлют ауданы әкімінің орынбасары Ысқақ Насыров.

Сенімсіздеу естілген осындай жауап алдық. Биыл да қазандықты сенімгерлік басқаруға алатын жанның табылуы екіталай. Бұл жағдайда тағы да аудан бюджеті есебінен отын-көмір сатып алынып, мемлекеттік қызметшілердің қыс бойы пеш жақпасына кім кепіл?

Серіктес жаңалықтары