$ 515.18  570.66  6.06
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Мемлекет басшысы Павлодар облысының тұрғындарымен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапары барысында Ертіс бойына арнайы ат басын бұрды

Мемлекет басшысы Павлодар облысының тұрғындарымен кездесті
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Павлодар облысы жұртшылығымен кездесуі басталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Павлодар – Қазақстанның дамуында үлесі мол, маңызы жоғары аймақ. Өздеріңіз білесіздер, өткен аптадан бері өңірлерге сапарым басталды. Аймақтардағы халықпен кездесіп, ел дамуына қатысты бастамаларым туралы айттым. Алдымен Түркістан мен Шымкентке, содан кейін Семейге бардым. Біз алдағы қысқа дайындық барысымен танысып, шұғыл мәселелерді қарадық. Облыстар үшін стратегиялық маңызы бар міндеттерді айқындадық. Бір сөзбен айтқанда, бұл өте мағыналы сапарлар болып жатыр», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев өңір жұртшылығымен кездесу барысында Ертіс бойына арнайы ат басын бұрып келгендегі мақсатын айтты.

«Шын мәнінде, халықтың қолдауы – реформаларды табысты жүзеге асырудың ең басты кепілі. Мен тың өзгерістерге тілектес болып жатқан азаматтардың бәріне тағы да алғыс айтқым келеді. Біз бір ел болып жұмыла білсек, көздеген мақсатқа жетеміз. Бүгін, міне, өздеріңізбен жүздесу үшін Ертіс бойына ат басын бұрдым. Бұл өңірге менің ықыласым ерекше екенін білесіздер. Павлодар облысы – еліміздің ең көрікті мекендерінің бірі.

Абылайдың ақылшысы Бұхар жырау, ғұлама ойшыл Мәшһүр Жүсіп, Алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытов осында дүниеге келген. Жаяу Мұса, Естай ақын, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Шәкен Айманов сынды руханият саласының айтулы өкілдері осы өңірден шыққан. Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Ермұхан Бекмаханов, Кемел Ақышев, Шапық Шөкин сияқты әйгілі ғалымдар – Ертіс бойының перзенттері. Бір сөзбен айтсақ, Баянауыл баурайы – тектілердің берекелі бесігі», - деді Қ. Тоқаев.

Серіктес жаңалықтары