Жетім балаларды баспана кезегінен заңсыз шығару деректері тексеріледі
Заң бұзу деректері анықталса, кінәлілер тиісті жазасын алады
Жетім балаларды баспана кезегінен заңсыз шығару деректері тексеріледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бұл мәселе бойынша міндетті түрде тексеру жүргіземіз, елімізде кезеке тұру цифрландырылған. Жергілікті атқарушы органдардың кезекке қатысты барлық әрекеті қадағаланады. Егер сізге осындай деректер белгілі болса, онда осы мәселе бойынша тексеру жүргіземіз. Осы орайда адам кезектен шыққанда немесе қосылғанда күмәнді әрекеттерді электронды жүйе арқылы тексеруді тапсырдым», - деді министр.
Оның айтуынша, жыл соңына дейін аталған тізімге қатысты деректер тексеріледі.
«Бұл тұрғыда заң бұзу деректері анықталса, онда кінәлілер тиісті жазасын алады. Жалпы, ауқымды тексеру жүргіземіз», - деді Қайырбек Өскенбаев.
Оның сөзіне қарағанда, электронды форматта кімнің кезекте тұрғаны көрсетіледі. Егер біреу кезектен заңсыз шығарылса, оны IT мамандары анықтай алады.