СҚО-да 400 бала 3 жылдан бері білім бөлімінің ғимаратында оқып жүр
Ал жаңа мектептің құрылысы биыл ғана басталды

2019 жылы Солтүстік Қазақстандағы Тайынша қалалық №1 мектептің төбесі опырылып түскен болатын. Арнайы комиссия нысанды апатты деп таныды. Арада 3 жыл өтсе де шәкірттер әлі күнге білім бөлімінің ғимаратынада оқуға мәжбүр. Ал жаңа мектептің құрылысы биыл ғана басталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
2019 жылдың сәуір айында Тайынша қаласындағы №1 мектептің кіреберісінің төбесі опырылып түсті. Апат карантин кезінде болғандықтан жапа шеккендер тіркелген жоқ. Естеріңізге сала кетсек, ол кезде елде коронавирус инфекциясының таралуына байланысты балалар қашықтан білім алған еді. Арнайы комиссия құрылып, ғимараттың жағдайын зерттеді. Ақыры нысан ішінара апатты деген қорытынды шығарылды.
Білім бөлімі әбігерге түсіп, жұмыс істеп отырған ғимаратты босатты. Өйткені Тайынша қалалық №1 мектептің ұжымы жаңа оқу жылын дәл осы нысанда бастады. Содан бері арада 3 жыл өтсе де мәселе шешілмей келеді.
Аталған ғимарат 1952 жылы аудандық партия комитетінің кеңсесі ретінде салынған. Ал 1994 жылы мектеп ретінде жарақталды. Өйткені оған дейін аудан орталығында мемлекеттік тілде оқытатын білім ошағы болған емес. Қазақ мектебінің ұжымы өгей баланың күйін кешіп, 22 жыл бойы осы ғимаратта жұмыс істеп келді. Ал 2016 жылы жаңа нысан салынып, оқушылар көшірілді. Ескі ғимарат аудандық білім бөлімінің меншігіне берілген болатын.
БІЛІМ ОШАҒЫНДА АРНАЙЫ КАБИНЕТТЕР ЖОҚ
Ал қазір аталған нысан 100 орынға шақталған мектеп. Аядай ғана білім ошағында қыстырылып-қымтырылып 400 бала білім алып жүр. Солардың бірі - 9 сынып оқушысы Ксения Алексиенко. Алда оны мемлекеттік емтихан күтіп тұр. Оқушы күнде сынаққа дайындалып жүргенін айтады. Алайда көңілі алаң екенін жасырмады.
«Биология және химия пәндерінде зертханалық жұмыс жүргізетін арнайы жабдықтарды көрген емеспіз. Тәжірибелік сабақтар сөз жүзінде ғана өтеді. Өйткені арнайы кабинеттер жоқ. Соның кесірінен кей пәндерден толыққанды білім ала алмай жүрміз деп есептеймін. Мектебіміздің кең әрі жайлы болғанын қалаймыз», - дейді Ксения.
«Сынып бөлмелері тар, әрі қапырық. Терезелер дұрыс ашылмайды. Шылқып терлейміз. Кейде тынысым тарылып, ауа жетпей қалады. Соның кесірінен сабақта жұмыс істеу қиын. Тез шаршап қаламыз», - дейді Әдемі Ысмағұлова.
ҰСТАЗДАР АЯДАЙ БӨЛМЕДЕ ОТЫР
Мектепте 40 мұғалім еңбек етіп жүр. Ұстаздарға арналған кабинеттің аумағы 10 шаршы метрге де жетпейді. Кітапхана жайында айтудың өзі қиын. Бөлме кітапханадан гөрі қоймаға көбірек ұқсайды. Алақандай кабинетте 23 мың әдебиет сақтаулы.
«Осындай жағдайда жұмыс істеп жатырмыз. Балалар келіп кітап алады, бірақ оқып отыратын орын жоқ. Оқушылармен ешқандай шара өткізе алмаймыз. Кітаптардың барлығын бұрынғы мектептен алып келдік. Көшу де оңай болған жоқ. Бұрын балалар кітапханада сабаққа дайындалатын, түрлі әдебиеттерді алып оқитын. Жаңа мектепте әдемі кітапханамыз болады деп үміттенеміз», - дейді мектеп кітапханашысы Людмила Рыбак.
Мектепте кабинет саны жетіспейді. Сондықтан әкімшілік көрші ғимараттан бірнеше бөлме жалдап алған. Оқушылар еңбек сабағына қатысу үшін сонда барады.
«Ғимарат ескі. Бізге дейін мұнда аудандық білім бөлімі жұмыс істеді. Мектеп шағын болғанына қарамастан, білім беру үрдісі талапқа сай жүргізіліп жатыр. Балалар екі ауысыммен оқиды. Сабақ кестесін бәріне оңтайлы етіп құрдық. Спорт залы бар. Информатика кабинеті де талапқа сай. Мұғалімдер ұжымы білікті. Карантин кезінде де барлық талаптарды сақтадық. Бұл уақытша қиындықтар. Жаңа мектеп салынғаннан кейін ғимаратымыз жайлы болады», - дейді мектеп директоры Ольга Иванова.
ЖАҢА МЕКТЕП ҚҰРЫЛЫСЫ НЕГЕ СОЗБАҚҚА САЛЫНДЫ?
Мамыр айында 600 орындық мектептің іргетасы қаланды. Қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Келісімшарт бойынша нысан 2023 жылдың желтоқсанында тапсырылуы тиіс.
«Жобалық-сметалық құжаттарды мемлекеттік сараптамадан өткізу көп уақыт алды. Сондықтан құрылыс кеш басталды. Мектеп бұрынғы ғимараттың орнында салынып жатыр. Ата-аналардың тілегі сол болды. Ескі ғимарат сүріліп, орны тазаланды. Әйтпесе саябақ маңынан салу жөнінде де ұсыныс болған. Білім ошағы бүгінгі заман талабына сай жарақталады. 3 корпус болады. Бастауыш бөлек, орта буын бөлек оқиды. Заманауи техника, әдемі жиһазбен қамтамасыз етіледі. Оны мерзімінен бұрын ашамыз деген жоспар бар. Қазір мердігер компаниямен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Басшылығы келер оқу жылының басында нысанды тапсыруға уәде етіп отыр», - дейді Тайынша аудандық білім бөлімінің жетекшісі Гүлнәр Игібаева.
Отандық білім саласында кезек күттірмей шешуді талап ететін мәселелердің бірі – апатты мектептерді жою. Елімізде тозығы жеткен 33 орта білім беру ошағы тіркелген. Онда 13 мың оқушы білім алып жүр.