70 мың ресейлік ЖСН алды: Қазақстан азаматтығын алуға қанша өтініш берілді
Бағдат Мусин ресейліктерге ЖСН-нің не үшін қажет екенін түсіндірді
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин 21 қыркүйектен бері Қазақстанда қанша ресейліктің ЖСН алғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ведомство басшысының айтуынша, Ресей Федерациясынан келген 70 мыңға жуық адамға жеке сәйкестендіру нөмірі берілген.
«Біздің міндетіміз – ЖСН беру. Ресейліктерге ЖСН не үшін қажет? ЖСН тек банк картасын алғысы келген ресейлікке ғана емес, бізге де қажет. Бұл елге келген шетелдіктің заңбұзушылығын, орналасқан жерін және тіркелген орнын анықтау үшін маңызды. ЖСН тағайындау – барлық дерек қорында нөмір беру және бекіту деген сөз. Біздің міндетіміз – оларды бақылауға алу», - деді Бағдат Мусин Үкімет отырысында.
Осы орайда ІІМ басшысы Марат Ахметжанов ЖСН алғысы келетін ресейліктер саны көп болғанымен, еліміздің азаматтығын алғысы келетіндердің аз екенін ескертті.
Тақырыпқа орай: Екі апта ішінде Қазақстанға 200 мыңнан астам ресейлік келген
«Қазақстан азаматтығын алуға небәрі 68 өтініш берілген. Азаматтық алудың белгілі бір процедуралары бар, солардан өтуі тиіс», - деді Марат Ахметжанов.