Екі апта ішінде Қазақстанға 200 мыңнан астам ресейлік келген
Бүгінде олардың 147 мыңы елімізден шығып кеткен
Ресей Федерациясында ішінара мобилизация жарияланған соң екі апта ішінде Қазақстанға 200 мыңнан астам ресейлік келген. Бұл туралы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«21 қыркүйектен бері Қазақстанға 200 мыңға жуық ресейлік кірді, бүгінде елімізден 147 мыңы шығып кетті. Келгендердің басым көбі ары қарай кетіп жатыр. Бәрі миграциялық бақылауға алынған», - деді ІІМ басшысы Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, қазіргі ахуал бақылауға алынған.
«Мобилизация жарияланған алғашқы кезде шекара маңында көлік кептелісі болды, қазір біртіндеп бәрі бұрынғы қалпына оралып жатыр. Мәселен, кеше елімізге 7 мыңнан астам Ресей азаматы кірсе, 11 мыңға жуығы кетіп қалды», - деді М. Ахметжанов.
Ол тілшілердің Қазақстанға келушілерге қатысты қандай да бір шектеу бар ма деген сауалына жауап берді.
«Ешқандай шектеу болған емес, болмайды да. Бәрі елдер арасындағы құқықтық келісім аясында жүзеге асырылады», - деп жауап берді ведомство басшысы.