БҚО тұрғыны қомақты сыйақы үшін шетелдік екі азаматты шекарадан заңсыз өткізбек болған
Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды
БҚО тұрғыны 1,5 мың доллар сыйақы үшін шетелдік екі азаматты шекарадан заңсыз өткізбек болған. Бұл туралы БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департамент мәліметінше, 1977 жылғы тұрғын 1 500 АҚШ доллары көлемінде сыйақы алған. Сол ақшаға шекара бекетін айналып өтіп, өзбекстандық екі азаматтың көші-қонын ұйымдастыруға тырысқан.
«Осы дерек бойынша ҚР ҚК 394-бабы 1-бөлігіне (заңсыз көші-қонды ұйымдастыру) сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша айыпты деп танылған адам екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмысқа тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не мүлкі тәркіленіп немесе онсыз бас бостандығынан айыруға жазаланады. Мұндай деректер туралы 102, 98-45-30, 92-17-10, 92-17-50 телефондары арқылы хабарлауға болады», - делінген хабарламада.