$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Өз үйімізде жүрмегенімізді жақсы түсінеміз»: ресейліктер Қазақстанға алғыс білдірді

Мобилизациядан қашып келген көрші ел азаматтары елімізден алған әсерін бөлісті

«Өз үйімізде жүрмегенімізді жақсы түсінеміз»: ресейліктер Қазақстанға алғыс білдірді
Коллаж: Azattyq Ruhy

Ресейдегі мобилизациядан қашып, елімізді уақытша паналап жүргендер әлеуметтік желіде Қазақстандағы өмірі туралы жарыса айтуда. Келгендердің бәрі дерлік «заңды бұзбаймыз, тәртіпке бағынамыз, біз – қонақпыз» деп ақталып жатыр. Ал жергілікті халықтың кейбірі шетелдіктердің кесірінен далада қалғанын жеткізсе, өзгелері мобилизациядан қашқан ресейліктерге көмек қолын созуға ұмтылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Блогер Илья Варламовтың кезекті шығарылымында Қазақстанға қашып келген ресейлік азамат шекарадан қалай өткенін баяндады.

«Мен Қазаннан Самараға дейін 9 сағат, одан соң шекараға дейін 4 сағат жүрдім. Ал шекара аумағында 8 сағат, сосын шекара бекетінде кезекте шамамен 1 сағаттай тұрдым. Көлік кезегі арқылы таксимен өту мүмкін емес, таксистер кезектің соңынан тастап кетеді. Ал ары қарай бақылау-өткізу пунктіне дейін жаяу бару керек. Шекарада еш қиындық туған жоқ, кеден қызметкерлері тек сапар мақсаты мен мерізімін ғана сұраумен шектелді.

Қазақтар жылы жүзбен қарсы алды деуге болады. Олар да жағдайды жақсы түсінеді. «90 күнге қалуыңызға рұқсат, ал ары қарай ойланыңыз» деген сөздермен өткізіп жатты», - дейді мобилизациядан қашқан Ринат есімді ресейлік.  

Оның айтуынша, таксиден түсіп, бақылау-өткізу пунктіне дейін жаяу бару – нағыз қиямет. Ол ондағы көріністі «құдды бір Голливуд фильмдеріндегі апокалипсистей» деп сипаттайды.

«Кезекте тұрғандар автокөлігін тастап кете алмайды, ал біз сияқты жаяу жүргіншілер олардың алдын орап кетіп жаттық, сондықтан көліктегілердің көбі ашулы, олардың кезекте тұрғанына бірнеше күн болған. Сондай-ақ бәрі әне-міне дегенше шекараны жауып тастай ма деп алаңдайды», - деді ол.

Қазақстанға уақытша қоныс аударған ресейліктер өз елінде отбасыларын тастап кетуге мәжбүр. Бірақ жағдай тұрақталмаса, бала-шағасын да көшіріп алғысы келетінін айтады.

«Орал қаласына келдім. Шекарадан өту үшін екі тәулік кезекте тұрдық. Бізге мұндай қиындықтардың қажеті жоқ. Соңғы сәтке дейін өз үйімізде, өз елімізде қалғымыз келді. Менің ол жақта әйелім, екі балам қалды. Достарымызбен шекарадан асу туралы шұғыл шешім қабылдадық. Себебі Ресейде болып жатқан жағдайларға мүлдем араласқымыз келмейді. Бұл әскери қақтығыс ешкімге керек емес. Ресейліктердің басым бөлігі, оның ішінде мен де оны қолдамаймыз. Алаңғы шығып, өз  ұстанымыңды айту өте қауіпті. Өйткені сені бірден қамауға алатыны анық. Жергілікті тұрғындар үшін қолайсыздық туғызып жатқанымызды сезінеміз. Десе де, бізді қабылдап жатқандарыңызға алғыс білдіреміз. Жақын арада орнығуға тырысамыз. Одан кейінгісін уақыт көрсетеді, бәлкім отбасымызды алып келерміз. Өйткені отбасыңнан жырақта жүру оңай емес», - дейді ресейлік азамат.

Елімізге ағылып жатқан ресейліктерге қатысты қоғам арасында түрлі пікір бар. Кереғар пікірлерді ресейліктердің өздері де естіген.

«Біз күні кеше ғана Ресейден келдік. Tik-Тok-та «мұнда орыстарды жек көреді» дегенді көп көрдім. Тіпті көшеге шығуға қорықтым. Алайда мұнда бәрі ойдағыдай екен. Біз өзіміздің қонақта жүргенімізді жақсы білеміз. Барынша сыйластық танытып, мәдениетті жүруге тырысамыз.  Біз келгендіктен жалға берілетін пәтерлердің бағасы шарықтап кетті деп жатыр. Бәлкім сол үшін бізді ұнатпай жатқан шығар», - дейді Илья есімді Tik-Тok қолданушысы.

Сондай-ақ ол желідегі парақшасында Қазақстан мен Ресей бағаларын салыстырып көріпті.

«АИ-95 маркалы бензиннің құны мұнда 210 теңге, ал Ресейде 360 теңге тұрады. Пәтердің құны бар болғаны 320 000 теңгеге (42 мың рулбль) шықты. Дәл осындай баспананы Мәскеуде 700 000 теңгеге жалға береді. 20 минуттық жерге бизнес таксилер 2 330 теңге сұрайды, ал Мәскеуде бұл кемінде 7 000 теңге болар еді», - дейді ол.  

Ресейден кетуді жөн көргендердің алғашқы легі елімізге 7 ай бұрын келе бастаған. Бүгінде олар күні кеше ғана мобилизациядан қашып келген өз жерлестеріне мұнда қалай өмір сүру керек екені туралы кеңестерін айтып жатыр.  

«Қазақстан – керемет мемлекет. Менің тарапыма қандай да бір жағымсыз пікірлер айтылған жоқ. Сізге қазақстандықтардың оң көзқараспен қарағанын қаласаңыз, өзіңіз де өзгелерге сондай ілтипат танытыңыз. Кей сөзді айтуға болмайды, мәдениеттілік көрсетіңіз. «Теңге» деп айтыңыз, «тэнгэ» деуші болмаңыз, өйткені бұл расымен де адамның ызасын келтіреді. Сондай-ақ «Такаев» емес, дұрысы «Тоқаев» деп айту керек.

Ресейден қашып жатқан ресейліктердің екінші толқынына жергілікті тұрғындар қатал қарауы мүмкін деген сыбыс болды. Себебі жұмыс орындарынан айырылып қаламыз ба деп алаңдаушылық танытуы ықтимал. Бұл қалыпты құбылыс, себебі 20 млн халқы бар елге сырттан 100 мың адам келсе, осындай мәселенің туындайтыны сөзсіз.

Пәтер іздеп жүрген кезімде орыс болғандығымнан кей қожайындар маған баспанасын жалға бергісі келмеді. Ойлана келеғ мен олардың неліктен келіспегенін түсіндім. Себебі шетелден келген азаматтың пәтерді нақты қанша уақытқа жалдап тұратыны белгісіз. Сондықтан да оған ренжудің қажеті жоқ, керісінше, түсіністік таныту керек. Сондай-ақ егер сіз соғысты жақтайтын болсаңыз және «Z» футболкасымен жүруді қаласаңыз, онда бұл елге келмегеніңіз жөн. Себебі мұнда қазақтардан бөлек, жергілікті орыстар да оны жақтамайды.

Құрметті ресейліктер, сіздер мобилизациядан қашып, соғысқа тап болмас үшін басқа мемлекетке кеткеннен кейін Қазақстан туралы қауесет таратпауларыңызды сұраймын. Бұл елдің сізге пана болғанын, бәлкім, тіпті өмірңізді сақтап қалуға себеп болғанын ұмытпаңыз», - дейді блогер Алматыға уақытша қоныс аударған ресейлік жерлестеріне арнаған видеоүндеуінде.

Сондай-ақ ол өз жерлестерін бөтен елде дөрекілік көрсетпеуге шақырып, керісінше, Қазақстанға алғыс білдіру керек екенін айтты.

«Сіз – шынымен де, қонақсыз, мен де бұл елге қонақпын. Мен өз үйімде емес екенімді жақсы түсінемін. Егер ресейліктер мұнда өзін «үйдеміз» деп ойласа, қателеседі. Айтарым, сіздер басқа мемлекеттесіздер, сол үшін сыйластық көрсетіңіздер. Қазақтар қонақжай халық, сол себепті ресейліктер, дөрекілік танытпаңыздар.

Қазақстан көпұлтты мемлекет. Мен өзімнің білімсіздігімнің салдарынан мұнда ұйғыр ұлтының бар екенін білмедім. Ал жергілікті орыстар туралы айтар болсам, олар да Қазақстанның бір бөлігі, бірақ олар – орыс емес, қазақтар. Олар осында туды, өсті, сондықтан да жергілікті орыстар өзін қазақ сезінеді. Егер ресейліктер өз орыс тілін әлдеқайда таза деп санаса, қателеседі, өйткені мұндағы орыстардың өз орыс тілі бар. Сондай-ақ көшеде намаз оқып жатқан адамдарды 5 метр қашықтан айналып өтіңіз, кедергі жасамаңыз», - дейді ол.

Ал әскери қақтығыстар мен қылмыстарды тергеумен айналысатын Conflict Intelligence team (CIT) тәуелсіз ұйымының басшысы Руслан Левиев YouTube-тағы Майкл Наки каналының кезекті шығарылымында Қазақстанның ресейліктерге жасаған көмегін Еуропадан да артық деп бағалады.

«Қазақстан өзін Еуропадан артық көрсетті. Соңғы күндері біз Қазақстанның Ресейдегі мобилизациядан қашқандарға қалай көмек көрсетіп жатқанын көрудеміз. Қажет десеңіз, жергілікті кинотеатрдан да орын тауып беріп жатыр. Тіпті, жолда кетіп бара жатқан ресейліктерді тоқтатып, олардың қал-жағдайын да сұрап жатқандар бар. Бұл – күтпеген жағдай. Мен мұны ешқашан ұмытпаймын. Мен өзім бірнеше мәрте Қазақстанда болғанмын. Қазақстандықтар, сіздерге рахмет!» - деді Руслан Левиев.

Серіктес жаңалықтары