Алматыдағы зейнеткерлерге зейнетақыдан бөлек 13 түрлі қаржылық қолдау көрсетіледі
Былтыр 200 миллион теңгеге көмек көрсетілген

Алматыдағы зейнеткерлерге зейнетақыдан бөлек 13 түрлі қаржылық қолдау көрсетіледі. Бұл туралы Алматы қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан Бижанов айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhу.
Алматыдағы ең ірі қоғамдық бірлестікте 8 аудандық ардагерлер кеңесі және 230 мың адамды қамтитын 700 бастауыш ардагерлер ұйымы бар.
«Алматының зейнеткерлері зейнетақыдан басқа жергілікті мәслихаттың қолдауымен 13 түрлі қаржылық қолдау ала алады. Мысалы, орташа табысы 3 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспаса, оларға жылына екі рет 14 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржылық қолдау көрсетіледі. Одан бөлек, су есептегіштері, газ жабдықтары тегін орнатылады, санаторийлерге жолдамалар бөлінеді және тағы басқалар. Өткен жылы ғана жергілікті органдар мен кәсіпкерлер қарттар күніне 200 миллион теңгеден астам сомаға көмек көрсетті», - деді Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан Бижанов.
Осылайша, төраға қарияларға тек «1 қазан қарттар күні» аясында ғана емес, ұдайы қолдау көрсетіліп келе жатқанын алға тартты. Сондай-ақ, ол Алматыда 9 белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жұмыс істеп жатқанын алға тартты. Орталықтардың қызметі егде адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, өнімді және белсенді ұзақ өмір сүруді ынталандыруға, оның ішінде жүйелі бос уақытты ұйымдастыруға (йога, скандинавиялық жүріс, ат-сауаттылықты арттыру, мотивациялық және кәсіпкерлік курстар, ағылшын тілі курстары), егде жастағы адамдарды тәуелсіздікпен қамтамасыз етуге, қоғам өміріне қатысуға бағытталған.
Ал республика бойынша мұндай орталықтардың саны – 51. Орталықтардың жұмыс істеуіне жергілікті бюджеттерден бөлінген қаражаттың жалпы сомасы былтыр 2,4 миллиард теңгеден асқан.
БІРЖОЛҒЫ ТӨЛЕМДІ ҚАЙ ӨҢІРДІҢ ЗЕЙНЕТКЕРЛЕРІ АЛАТЫНЫ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ
Ал ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі қарттар күніне орай 189 мың қазақстандық зейнеткердің ақшалай сыйлық алатынын мәлімдеді. Төлемдердің жалпы сомасы 1,6 миллиард теңге.
«Қазақстанда жыл сайын 1 қазанда Халықаралық қарттар күні атап өтіледі. Республикада жасы бойынша 2,2 миллионнан астам зейнеткер тұрады, оның ішінде 188,4 мың адам біржолғы төлем алады», -деп мәлімдеді ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
Біржолғы материалдық көмекті Астана, Ақмола облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Батыс Қазақстан облысы, Қостанай облысы, Қызылорда облысы, Маңғыстау облысы, Павлодар облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Түркістан облысы, Жамбыл облысы, Абай облысы, Ұлытау облысының зейнеткерлері. Қаражат өңірлердегі жергілікті бюджет пен бизнес өкілдерінен бөлінеді. Биылдыққа бас-аяғы 4,7 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалмақ.
- біржолғы материалдық көмекке-1 635,3 млн теңге (шамамен
- 188,4 мың адам);
- азық-түлік жиынтығына - 410,8 млн теңге (45,4 мың адам);
- жеңілдікпен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге – 16,2 млн теңге (5,0 мың адам);
- тіс протездеуге – 194,2 млн теңге (3,7 мың адам);
- санаторлық-курорттық емдеуді ұсынуға - 888,2 млн теңге
- (8,3 мың адам);
- тұрғын үйді жөндеуге – 6,4 млн теңге (307 адам);
- отынмен қамтамасыз етуге - 67,5 млн теңге (2,3 мың адам);
- жалпы пайдаланудағы көлікте жеңілдікпен жол жүруді ұсынуға-1 млрд 177,2 млн теңге (130,6 мың адам);
- көмектің басқа түрлеріне-329,3 млн теңге (31,3 мың адам).
ЕЛІМІЗДЕГІ ЕҢ ҚАРТ АДАМ - 121 ЖАСТА
ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, елімізде ғасырдан да ұзақ өмір сүріп жатқан 480-нен астам қария бар.
«Қазақстанда 100 жастағы және одан да үлкенірек жастағы 487 азамат бар. Ең жасы үлкен қазақстандық Түркістан облысында тұрады, ол 121 жасқа толған туған күнін атап өтті. Әдетте, еліміздің оңтүстік өңірінде ең көп өмір сүреді деуге болады. Түркістан облысында 100 және одан жоғары жастағы 75 адам бар екенін айта кету керек»,-делінген ведомство мәліметінде.
Ұзақ өмір сүрушілер саны бойынша екінші орында еліміздің ең ірі қаласы – Алматы. Онда 100 жастан асқан 62 адам тұрады.
Ұзақ өмір сүретіндер саны бойынша үшінші орында Алматы облысы тұр, онда 100 және одан жоғары жастағы 55 адам тұрады.
Ең қарт қазақстандықтардың үштігіне Түркістан облысының тұрғындары – 121 жас, Шымкент қаласы – 120 жас, Жамбыл облысы – 119 жас кірді. Қазақстанда барлығы 100 жастан асқан 31 адам тұрады.
Естеріңізге сала кетейік, жыл сайын бүкіл әлемде, оның ішінде Қазақстанда да 1 қазанда Халықаралық қарттар күні атап өтіледі. Бұл мерекені 1990 жылы 14 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 45 сессияда жариялады.