Сақтандырылған алматылықтарға 78 млрд теңгеге медициналық көмек көрсетілді
Төленген қаржының 15,9 млрд теңгесі консультативтік-диагностикалық қызметтерге тиесілі
Алматыда осы жылдың 7 айында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті арқылы көрсетілген қызметтер үшін 78 млрд теңгеге жуық қаржы төленді. Қаңтар-шілде аралығында төленген қаржының басым бөлігі – 40,6 млрд теңгесі стационарлық деңгейдегі медициналық көмекке, тағы 3,2 млрд теңгесі күндізгі стационар қызметіне жұмсалған.
«7 айдың нәтижесіне қарап халыққа көрсетіліп жатқан медициналық көмек көлемінің едәуір артқанын байқауға болады. Мәселен, бұған дейін көпшіліктің қалтасы көтере бермейтін қымбат анализдер, диагностика мен операция түрлері қазір медициналық сақтандыру есебінен көрсетіліп жатыр», – деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев.
Төленген қаржының 15,9 млрд теңгесі консультативтік-диагностикалық қызметтерге тиесілі. Консультативтік-диагностикалық қызметтер ішінде әсіресе, КТ мен МРТ-ға деген сұраныс жоғары. 7 айда Алматы қаласында 996,8 млн теңгеге 62 мыңнан астам компьютерлік томография, 744,2 млн теңгеге 50 мыңнан астам магниттік-резонанстық томография жасалған. Сонымен қатар, қала бойынша онкологиялық ісікті анықтау мақсатында жасалатын 2793 ПЭТ-диагностика қызметі көрсетілген. Оған 750,1 млн теңге төленді.
«Соңғы жылдары экстракорпоральды ұрықтандыру қызметінің де жұртшылық үшін маңызы жоғары болып отырғаны рас. Қымбат қызмет түріне жататын ЭКО процедурасы 2020 жылдан бастап МӘМС пакетіне еніп, қарапайым жұртшылық үшін қолжетімді бола бастады. 2022 жылы ЭКО бағдарламаларына 3,2 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Бұған барлығы 3152 ЭКО жасалуы тиіс. Өткен 7 айда Алматыда 1639 ЭКО жасалып, оған 1,7 млрд теңге төленді. Биыл оңтүстік астана бойынша аталған бағдарламаға 8 клиника қатысып жатыр», - деді филиал басшысы.
Айтуынша, қазіргі таңда сақтандырылған азаматтар бағасы қымбат қызмет түрлерін қарқынды пайдаланып жүр. Соның бірі – медициналық реабилитация. 2022 жылы көрсетілген реабилитация қызметіне 4,7 млрд теңге жұмсалды. Салыстырмалы түрде алғанда, 2019 жылы оңалту қызметіне бар-жоғы 0,6 млрд теңге жұмсалған, ал 2022 жылы оған 7,5 млрд теңге қарастырылып отыр.
«Оған қоса, 2020 жылдан бастап халықтың жекелеген санаттары үшін жоспарлы стоматологиялық көмек те қолжетімді бола бастады. Мысалы, 7 айда МӘМС шеңберінде 717 мыңнан астам стоматологиялық қызмет көрсетілген, оған 1,8 млрд теңге төленді. Қазіргі таңда Алматыда МӘМС шеңберіндегі стоматологиялық көмекті 46 клиника көрсетеді», - деді Тілеухан Әбілдаев.
Естеріңізге сала кетсек, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы жүкті әйелдер мен 18 жасқа дейінгі балаларға стоматологиялық көмек тегін көрсетіледі. Олардың арасында тісті жансыздандыру, химиялық пломба салу, терапевтің қабылдауы, пульпит пен перидонтитті емдеу, флюороз, гипоплазия кезінде тістің анатомиялық пішінін толық қалпына келтіру, тісті хирургиялық жолмен жұлу т.б. қызметтер кіреді. Ал, шұғыл стоматологиялық көмек кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде, халықтың әлеуметтік жағынан аз қорғалған санаттарына ғана көрсетіледі. Сонымен қатар алматылықтар 13,3 млрд теңгенің дәрісін тегін алған. Қала тұрғындарына амбулатория деңгейінде 13,3 млрд теңгенің дәрі-дәрмегімен қамтамасыз етілген. Сақтандыру енгізілгелі бері Алматы тұрғындары медициналық қызметтерді белсенді пайдаланып келеді. Соның ішінде медициналық қызмет көлемі ғана емес, сырқат түрлеріне қарай берілетін дәрі-дәрмек саны да бірнеше есе артқан.
Бүгінде тұрғындар белгілі бір сырқаттар бойынша тегін медициналық көмек және сақтандыру пакеттері шеңберінде тегін дәрі-дәрмек ала алады. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар, созылмалы және жедел аурулар, коронавирус инфекциясына шалдыққандарға берілетін дәрілер де бар.
«Өткен 7 айда Алматы қаласы бойынша тегін медициналық көмек пакеті бойынша 149 мыңнан астам пациент дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. МӘМС пакеті бойынша195 мыңнан астам ересек, 19 мыңға жуық бала тегін дәрі-дәрмек алды», - деді филиалдың директоры.
Диспансерлік есепте тұрған Қазақстан азаматтары, ықтиярхаты бар шетел азаматтары 50 түрлі дерт бойынша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Ал МӘМС пакеті бойынша белгілі бір сырқатына байланысты диспансерлік есепте тұрған, сақтандырылған азаматтар қамтамасыз етіледі. Сақтандыру пакеті арқылы ересектерге 50 нозология, балаларға 73 нозология бойынша дәрі тегін беріледі. Дәрі-дәрмек 18 жасқа толмаған балаларға дәрігер тарапынан диагнозы нақтыланғаннан кейін беріледі.