Алматылықтар саяжайда орналасқан үйлерін қашан заңдастыра алады - әкім түсіндірді
Ерболат Досаев Медеу ауданының тұрғындарымен кездесті
Бүгін Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Медеу ауданының тұрғындарымен кездесті. Жиынға 5 500 адам келді. Қордаланған мәселелерді ортаға салған тұрғындар Ерболат Досаевқа бірнеше сауал қойды. Соның бірі саяжайда салынған үйлерді заңдастыруға қатысты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Қала тұрғыны бау-бақша серіктестігіне салынған үйлерді қашан заңдастыра аламыз деген сұрақ қойды. Яғни, жер телімінің нысаналы мақсаты «жеке тұрғын үй құрылысына» деп қашан өзгертіледі деп сұрады.
«Бізде арнайы комиссия құрылды. Жақында бірінші отырыс өтеді. Біз материалдарды жинаймыз. Сіз айтып отырған құрылысқа қатысты комиссия 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін жұмыс істейді.
Әзірге, Медеу ауданындағы 109 серіктестіктің 5-еуі сәйкес келеді деп шешім қабылдадық және олардың құжатын жеке тұрғын үй құрылысына деп ауыстыруға рұсат береміз. Коммуникация бойынша инженерлік дәліздер және тағы басқа мүмкіндіктерді ескеру керек. Барлығы қаланың стандартына сай болуы шарт. Сондықтан, қалған 104 бау-бақша серіктестігіне рұқсат бере аламыз ба, жоқ па белгісіз.
Бізге кем дегенде 7 метрлік инженерлік дәліздер қажет. Басқа жолмен техника кіре алмайды. Бірақ, кейбір бау-бақша шаруашылығының тұрғындары мұнымен келіспей жатады. 100 пайыз келісім болмайынша біз жұмысты бастай алмаймыз»,-деп түсіндірді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Әкім ауданда коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту өзекті мәселе болып қала беретінін айтты. Айтуынша, қазір «Думан» шағын ауданында сорғы станциясы мен 1800 текше метрлі екі резервуар қайта жаңартылып жатыр. Барлық жұмыстар осы жылдың соңына дейін аяқталатынын алға тартты.
«Сондай-ақ, желтоқсанға дейін «Юбилейный» шағын ауданында және Горная, Батурин, Бегалин көшелерінде ұзындығы 2,6 км кәріз желілерін тапсыру жоспарда бар. 2023 жылдың бірінші және екінші тоқсанына арналған жоспарда «Кенсай», «Каменское плато», «Мұзтау» және «Көлсай» шағын аудандарында сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу қарастырылған»,-деп атап өтті Ерболат Досаев.
Ал тұрғындарды үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету үшін ауданда 16,8 км желі қайта жаңартылды, деді әкім. Жыл соңына дейін 17 км электр беру желілерін жаңғыртуды аяқтау және 18 көшеге сыртқы жарықтандыруды жүргізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, қазір 21,4 км болатын 29 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
МЕДЕУ АУДАНЫНДАҒЫ МЕКТЕП ПЕН БАЛАБАҚША МӘСЕЛЕСІ ҚАЛАЙ ШЕШІЛІП ЖАТЫР?
Оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешу үшін ауданда №48 және №131 мектеп-лицейі күрделі жөндеуден өтіп жатыр.
«Бірінші мектеп бойынша жұмыстарды ағымдағы жылдың 30 қарашасына дейін, екінші нысанды 2023 жылдың 3-тоқсанында аяқтау жоспарланған. Бұдан басқа, №131, №35 және №99 мектептер бойынша 2023 жылдың 2 тоқсанында 800 жаңа орынға 3 қосалқы нысан салуға жобалық-сметалық құжат әзірлеу аяқталады. «Думан» шағын ауданында 1 200 орынды жаңа мектеп салынады. Құрылыстың басталуы келесі жылдың 2 тоқсанына жоспарланған»,- деді қала әкімі Ерболат Досаев.
Ал бала-бақшадағы орын тапшылығын қысқарту мақсатында биыл 114, №116 және №141 мемлекеттік балабақшаларда күрделі жөндеуден өткен.
«Биыл ауданда қосымша 457 орындық 10 жаңа жеке меншік балабақша ашылды. Сондай-ақ жыл соңына дейін 250 орындық тағы бір жеке меншік балабақша ашуды жоспарлап отырмыз»,- деді Ерболат Досаев.