$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жалған ақпараттың көптеп тарауына билік пен құзырлы органдардың да кінәсі бар – депутат

Депутаттар халықты желідегі жалған ақпаратқа сенбеуге және алауыздыққа бой ұрмауға шақырды

Жалған ақпараттың көптеп тарауына билік пен құзырлы органдардың да кінәсі бар – депутат
Фото: ашық дереккөзден

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Әлия Әбсеметова Бас прокуратураның көрінеу жалған ақпарат таратып жатқандар туралы мәлімдемесінен кейін желі арқылы көпшілікті алдап, қате ақпарат беріп жүргендерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Ақпарат ағыны халықтың көзін ашатын да, адастыратын да үлкен құрал. Уысында ақпаратты ұстап отырғандардың мерейі қашан да «үстем» болғанын тарихтан білеміз. Дұрыс-ақ шығар. Бірақ жалған ақпарат таратып, болсын-болмасын елді дүрліктіріп жүргендерге жүген салу мүмкін болмай отыр. Желіде таралған жалған ақпараттан көз сүрінеді. Бұған әлбетте азаматтар да, билік пен құзырлы органдар да кінәлі», - деп жазды Әлия Әбсеметова Facebook-парақшасында.

Депутат толассыз ақпарат легінің ағынына ілесіп, халыққа дұрыс хабар жеткізу – әр құзырлы органның тікелей міндеті екеніне тоқтала келе, бұған жауапты органдардың да кнәлі екенін айтты.

«Кез келген жалған ақпарат мүдделілердің қаруына айналып, халықты бұрыс жолға түсіруі мүмкін. Сол себепті құзырлы органдар сақ жүруі абзал. Соңғы күндері желіде таралып жатқан ақпараттардың бәрі де жауапты органдардың осалдығынан деуге әбден негіз бар. Мұндай ақпараттардың арты ұлттық алауыздыққа, ал зорғысы тіпті мемлекетімізге қауіп төндіруі мүмкін. Сол қадағалау өте қатаң болға тиіс. Бас прокуратура үндеу жасады. Көрінеу жалған ақпарат тарату, нақты азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіру Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174, 194 және 274-баптары бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын еске салды», - деді депутат.

Ол шындыққа жанаспайтын мәліметтерді таратуды көбіне блогерлер жеке пайда табу және бопсалау арқылы материалдық табыс көру үшін жүзге асыратынын ұмытпау керек екенін айта келе, халықты алауыздыққа бой ұрмауға шақырды.

«Желідегі әрбір ақпараттың рас-өтірігін тексермей жатып, елге таратпайық. Бұл – сіз бен біздің жауапкершілігіміз. Азамат ретінде саналы болайық, сонда ғана ел үшін пайдалы болмақпыз”, - деп сөзін түйіндеді Ә. Әбсеметова.

Тақырыпқа орай: Көрінеу жалған ақпарат таратып жатқандар көбейген: Бас прокуратура ескерту жасады

Осы орайда ҚР Парламент Мәжілісінің VII шақырылым депутаты Жұлдыз Сүлейменова да толассыз ақпарат тасқынынан шын ақпаратты тауып, соны ғана кәдеге жарату өзекті екенін жеткізді.

«Сондықтан ресми дереккөздер таратқан ақпаратқа ғана сену қажет. Әрине, кей жағдайда әлеуметтік желілерде лезде тараған ақпараттың жылдамдығынан оның шынайылығын сараптау қиын-ақ. Дегенмен, еліміздің тұтастығы мен тұрақтылығын сақтауда жалған ақпаратқа ермейік, оны таратпауды дағдыға айналдырайық!», - деп жазды Жұлдыз Сүлейменова желідегі парақшасында.

Депутат ел бірлігін нығайтуда құқықтық әрі азаматтық қоғам ретінде әркімнің атсалысуы тиіс екенін айтты.

Серіктес жаңалықтары