Тұрғын үй нарығындағы ахуалды тұрақтандыру бойынша тиісті шараларды қабылдау қажет – Премьер-министр
Әлихан Смайылов еңбекпен қамту бойынша ең алдымен қазақстандықтардың жай-күйі бірінші орында болу керектігін ескертті
Қазақстан халықаралық міндеттерді тиісті деңгейде орындай отырып, шетел азаматтарына заң аясында қызмет көрсетеді. Алайда өз еліміз бен халқымыздың мүддесінен жоғары құндылық жоқ екенін ұмытпауымыз қажет. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында айтты.
Отырыс басталмас бұрын Үкімет басшысы көші-қон мәселелеріне қатысты қоғамда түісінпеушілік туындағанына тоқталып өтті.
«Біз халықаралық міндеттерімізді орындай отырып, өз еліміз бен халқымыздың мүддесінен жоғары құндылық жоқ екенін ұмытпауымыз қажет. Ең маңызды мәселенің бірі – құқықтық тәртіп пен қауіпсіздік. Сонымен бірге арендалық тұрғын үй бағасының өсуінен өз азаматтарымыз қиын жағдайға тап болып отыр. Жауапты органдар тұрғын үй нарығындағы ахуалды тұрақтандыру бойынша тиісті шараларды қабылдауы қажет», -деп нақтылады Әлихан Смайылов.
Өз сөзінде Премьер-министр еңбекпен қамту бойынша ең алдымен қазақстандықтардың жай-күйі бірінші орында болу керектігін ескертті.
«Барлық кәсіпорындар мен мекемелер осыны естен шығармау керек. Ал, көршілес елден келген мигранттар белгіленген заңнама шеңберінде ғана еңбек ете алады. Жағдай күнделікті бақылауда», - деді Әлихан Смайылов.