Батыс Қазақстан облысында ел Президентінің Жолдауы талқыланды
Отырысқа қатысушылар өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды
Облыстық мәслихатта аймақ басшысы, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Ғали Есқалиевтің қатысуымен облыс активі өтіп, онда депутаттар ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын талқылады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Мемлекет басшысының Жолдауын бәріміз мұқият тыңдадық. Онда барлық өңірлерге қатысты нақты тапсырмалар, идеялар, жобалар ұсынылды. Сондықтан бұл Жолдау Қазақстан халқы үшін өте маңызды. Жолдауға сәйкес, жаңа экономикалық саясаттың алға қойған басты міндеті – тарифті инвестицияға айналдыру. Екі жыл бұрын Орал қаласын жылумен қамтитын «Жайықжылуқуат» АҚ тарифін көтерген болатынбыз. Соның арқасында қазір қалада еш қиындық жоқ. Ал бұған керісінше біздің облыстағы судың тарифі республика бойынша өте төмен деңгейде қалып отыр. Күні бүгін шаһарды сумен қамтитын «Батыс су арнасы» ЖШС жағдайын жақсарту үшін 7 млрд теңгенің жобаларын әзірлеудеміз. Тариф көтерілмесе, инвестиция келмейді. Ал қаражат болмаса, монополистердің жағдайы жақсармайды. Біз бұл жағдайды жете түсінуіміз керек. Сондықтан бұл бағытта мемлекеттік құрылымдардың, монополистердің, халықтың кеңінен қолдауы қажет», – деді өңір басшысы активте жасаған баяндамасында.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында шағын және орта бизнесті ынталандыратын бастамаларға ерекше тоқталды. Атап айтқанда, жаңа Салық кодексі әзірленеді. Салық кодексіне қатысты біздің облысымыздан да ұсыныстар түсіп жатыр. Мысалы, жекелеген кәсіпорындар облыс аумағында жұмыс істегенімен, жергілікті бюджетке мүлде салық төлемейді. Мұны Ғ.Есқалиев атап көрсетті.
«Мемлекет басшысы жол құрылысына битум жетіспеушілігін айтты. Бұрын битум зауытын салуға рұқсат берілмейтін. Өйткені, зауыттардың жүктемесі аз болатын. Ал қазір олар қажетті битуммен қамтамасыз ете алмай отыр. Облыста битум зауытын салғысы келетін кәсіпкерлер болса, жан-жақты қолдау көрсетеміз. Президент ауыл шаруашылығын дамытуға да ерекше көңіл бөлуде. Үкіметке ауыл шаруашылығы саласын субсидиялаудың жаңа ұзақ мерзімді бағдарламасын әзірлеу тапсырылды. Соңғы бір-екі жылда біз шаруаларға 8 млрд теңгеге жуық субсидия төледік. Ол дұрыс бөлінуі тиіс», – деп сөзін түйіндеді өңір басшысы.
Актив отырысына қатысушылар жарыссөзге шығып, өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.