«Ресейлікке тұрмысқа шығуға дайынмын»: павлодарлық әйел Қазақстан азаматтығын алу жөнінде көмек ұсынды
Ресейдегі мобилизациядан кейін ер азаматтар жаппай көрші елдерге бас сауғалап қашып жатыр

Желіде Евгения есімді әйелдің ресейліктерге Қазақстан азаматтығын алуға көмек ұсынған хабарландыруы тарады, деп хабарлайды Azattyq Ryhy тілшісі.
«Қазақстан, Павлодар. Тұрмыста емеспін. ҚР азаматтығын алуды жеделдету үшін Ресей азаматымен некеге тұруға қарсы емеспін», - делінген жазбада.
Автор некеге тұруға нақты қандай шарт қоятынын көрсетпеген.
Бұған дейін желі пайдаланушылары арасында Қазақстан-Ресей шекарасында жүк көлігі мен жеңіл автокөліктердің жаппай жиналуы түсірілген бейнежазба тараған болатын. Қолданушылардың кейбірі өткізу пунктерін жабуға шақырып, елге келген ресейліктерге қайта кетуге кеңес берді.
Саясаттанушы Самат Нұртаза барлық ресейлік «жалтарушылар» Қазақстанға қашуға тырысатынына сенімді екенін айтты. Ал саяси шолушы Ғазиз Әбішев Мәскеу ресми түрде Қазақстан билігіне қашқан азаматтарды экстрадициялау туралы өтініш жасай алады деп болжады.
Айта кетейік, Ресейде ішінара мобилизациялау жарияланып, президент Путин жарлыққа қол қойды.