«Ұлы дала жорығы» бәйге-марафонына қатысушыларды Нұра ауданы құрметпен күтіп алды
Марафон Түркістанда мәресіне жетеді
Он екі күндік «Ұлы дала жорығы» республикалық бәйге-марафонына қатысушылар Қарағанды облысы Нұра ауданы Баршын ауылына аялдады. Олар 1 200 шақырым қашықтықты атпен жүріп өтпек. Шабандоздар жорығы 18 қыркүйекте елорда маңындағы Қаражар ауылынан бастау алған еді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Баршын ауылындағы Сұлукөл қырқасына ақшаңқан киіз үйлер тігілді. Кітап көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ ұлттық қолөнер бұйымдары қойылды. Облыстық тарихи өлкетану музейі құнды жәдіргелерді қонақтар назарына ұсынды.
«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Оған 17 облыс пен 3 мегаполитен 100-ге тарта сәйгүлік қатысуда. Олар 12 сағат ішінде 100 шақырымдық қашықтықты атпен жүріп өтуі тиіс. Әр 50 шақырым сайын белгіленген жерге аялдап, ат шалдырып екі сағат тынығады. Болдырған тұлпарды ауыстыру жағы да қарастырылған. Бұл жолы қатысушылар Астана, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда облыстары арқылы Түркістан облысының орталығына ат басын тірейді. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 29 қыркүйекте киелі Түркістан қаласында дейді ұйымдастырушылар.
«2019 жылы «Кенесарының ізімен тағдырлы Торғай мен сырлы Созаққа дейін» деген тақырыпта экспедиция жасағанбыз. Сол кезде үш жігіт 4 атпен қазіргі Торғай ауылынан шығып, Созақ ауылына дейін 962 шақырым жүріп, 11 күнде барған болатынбыз. Бұл сол жорықтың жалғасы іспеттес», - дейді «Ұлы дала жорығы» республикалық жобасының ұйымдастырушысы Бақытжан Тұрлыбеков.
«Бұл – азаматтардың көптен көкейде жүрген, орындай алмай кеткен жобасы. Осы жоба Өзбекәлі Жәнібековтың немесе Ілияс Омаровтың ойында болмады деп айта алмаймын. Дегенмен, әр нәрсе өз уақытында орындалады екен. «Әркім өз тұсында жүйрік» деген қазақтың сөзі бар. Сол уақыты келді, пісті, сонымен жүзеге асып жатқан іс болды», - дейді ақын Светқали Нұржанов.
Ұлы даламызды дүбірге бөлейтін тұлпарлардың тұяғы айшылық алыс жерлерді осылайша бағындырмақ. Ол үшін азаматтармыз айбарлы, қазанаттарымыз қайратты болуы тиіс.
«Аттардың басты легі келді. Міне, бірінші болып Жетісу облысы келді. Одан кейін Маңғыстау облысы жетті. Одан кейін Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстары да келіп жатыр. «Ұлы дала жорығы» – үлкен мән-мағынасы бар жорық деп білемін. Ат спортын дамыту, ішкі туризмді дамыту, біздің аттарымызды шет елдерге дәріптеу, жастар арасында спорттың деңгейін көтеру сынды мәселелерді қамтиды» - деді Нұра ауданының әкімі Бақытжан Мұқанов.
44 жастағы Асқар Оқановтың атқа деген құштарлығы 12 жасында басталған. Осы уақыт аралығында талай сәйгүлікті баптап, дүбірлі додалы жарыстарға қосқан. Бесоба ауылының тұрғыны осы жолы Қарағанды облысы командасының капитаны болды.
«Күнде-күнде 100 шақырымды бағындырып отыру оңай емес. Бүгін, екініші күні 200 шақырымды бағындырдық. Тәуба! Бастысы, есеп керек. Бұл жай бәйге емес, аттың күшін есептеп отырмасаңыз, есептеулі уақытқа ілесе алмай қалуыңыз мүмкін», - дейді Қарағанды облысы командасының капитаны Асқар Оқанов.
Бәйгенің жалпы жүлде қоры 65 миллион теңгені құрайды. Жеңімпаздарды еліміздің және алыс-жақын шет елдің сарапшылары мен әділқазылары анықтайтын болады. Ал «Ұлы дала жорығы» жобасына республикалық «Аманат» партиясы мен Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі қолдау көрсеткен.