$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Алматыда жастарға арналған 150 тегін демалыс орталығы бар: олар туралы JAS FEST фестивалінде айтылды

Қалалық жастар фестиваліне 3500 адам келді

Алматыда жастарға арналған 150 тегін демалыс орталығы бар: олар туралы JAS FEST фестивалінде айтылды

Алматыдағы Махатма Ганди атындағы саябақта Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қоры қалалық Жастар саясаты басқармасының қолдауымен «JAS FEST» қалалық фестивалін өткізді. Шара барысында жастарға арналған тегін 150 қалалық демалыс орталығының жұмыс істейтіні туралы айтылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Демалыс орталықтарында жастар оқудан немесе жұмыстан бос уақытында шығармашылықпен, спортпен және өзін-өзі дамытумен айналысады. Клубтар жастардың тұрғылықты жерінде бос уақытын ұйымдастыруға бағытталған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл өз кезегінде құқық бұзушылықтың алдын алу, нашақорлық, шылым шегу, тағы басқа әлеуметтік келеңсіз құбылыстармен күресу сияқты мәселелерді шешуге ықпал етеді.

«Тәлімгерлер тізімі толығады және жастар арасынан тәлімгерлер алатын балалар көбейеді деп сенеміз. Жыл соңына дейін әрбір демалыс орталығында өз тәлімгері болады деп жоспарланып отыр. Бұл фестивальді өткізудегі басты идея - әр бала мен оның ата-анасы өз аймағында өздеріне қолайлы демалыс орталығын көріп, таңдай алуы», - деп түсіндірді Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының директоры Азиз Кажденбек.

Алматының 8 ауданында жұмыс істейтін 150 демалыс орталығы келесідей бағыттарды қамтиды:

  •  Мәдени-ағарту;
  •  Әскери-патриоттық;
  •  Спорттық;
  •  Шығармашылық;
  •  Зияткерлік;
  •  Робототехника;
  •  Отбасылық демалыс және отбасылық құндылықтар және тағы да басқа.

Демалыс орталықтарында бас-аяғы 350 үйірме мен секция жұмысын жүргізіп отыр. Мұндай клубтарға 12-29 жас аралығындағы 12 100 жасөспірім мен жастар тегін барып жүр.

Орталықта үйірмеден басқа, шеберлік сыныптары, жарыстар, турнирлер, конкурстар, эстафеталар, тәрбие сағаттары, профилактикалық әңгімелер, кездесулер, көрмелер, экскурсиялар, жорықтар мен акциялар түрінде түрлі форматтағы іс-шаралар өтеді.

Фестивальге келген көпшілік вокал, би, жекпе-жек, ​​шахмат және өзге де үйірмелерді таңдады. Шараға келген 3500-ден астам адамның ішінен 1000-нан астам бала мен жасөспірім түрлі секцияларға жазылған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл демалыс орталықтарының өз тәлімгерлері болады. Олардың ішінде режиссер, продюсер, актер Еламан Есентаев, Қазақстанның вице-мисі Қарлығаш Сексенқызы, паралимпиадашы, мәслихат депутаты Серік Есматов, актер, “FunkyDance” би студиясының негізін қалаушы Марат Ягфаров, мәслихат депутаттары Асия Аканова және Диана Ерлан, мобилограф, турист-блогер Адлет Рахметолла, «Жайдарман» (КТК) Алматы филиалының директоры Оңдасын Құлымбетов бар.

Фестивальдің барлық бағдарламасын Алматының талантты жасөспірімдері мен жастары, қалалық демалыс орталықтарының тәрбиеленушілері дайындаған. Шара аясында ойын-сауық концерттік бағдарламасы ұйымдастырылып, шеберлік сыныптары, спорттық жарыстар өтті.

Алдағы уақытта мұндай фестивальдер жылына екі рет қалалық деңгейде өтеді, деп отыр ұйымдастырушылар.

Тегін клубтардың мекен-жайын алматылықтар gosfund.kz сайты арқылы біле алады.

Серіктес жаңалықтары