ЕАЭО аумағындағы ақша айналымына қатысты құжат мақұлданды
Құжаттың басты мақсаты - жеке тұлғалардың ЕАЭО-дан шет елге өткізетін қолма-қол ақша қаражаттары туралы ақпарат алмасу
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында ЕАЭО-ның кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын өткізу кезінде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі заң жобасын мақұлданды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл мәселе бойынша баяндама жасаған Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев атап өткендей, құжаттың басты мақсаты - жеке тұлғалардың Еуразиялық экономикалық одақтан шет елге өткізетін қолма-қол ақша қаражаттары туралы ақпарат алмасу.
«Осы келісімді әзірлеудің мақсаты - жеке тұлғалардың қолма-қол ақша қаражатын Еуразиялық экономикалық одағынан шет елге өткізу бойынша ақпарат алмасу. Келісімде кедендік Еуразиялық экономикалық одақ арқылы қолма-қол ақша қаражатын немесе ақша құралдарын өткізу кезінде өзара іс-қимыл және ақпарат алмасу тәртібі айқындалған», - деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Айта кетейік, аталған келісімге 2021 жылғы 20 шілдеде Мәскеу қаласында қол қойылған. Құжаттың ресми атауы — «ЕАЭО-ның кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын немесе ақша құралдарын өткізу кезінде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында ақпарат алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы.
«Ақпарат алмасу жолаушылардың кедендік декларациясында және тауарлар декларациясында жеке тұлға мәлімдеген ақпаратты ұсыну арқылы жүзеге асырылады. Өзара іс-қимыл жасау тәртібінде сұрау салудың мазмұны, оны орындау мерзімдері, оған қол қоюға уәкілетті лауазымды тұлғалар, сондай-ақ сұрау салуды орындаудан бас тарту мүмкін жағдайлары ескеріледі», - деді Жамаубаев.
Мәжіліс құжатты бірінші оқылымда мақұлдады.