СҚО-да көмір тасымалдаушылар бағаны екі есеге өсіріп жіберген
Отын тасымалына қатысты дауға аймақ басшысының өзі араласты

Солтүстік Қазақстан облысында көмірді көлікпен жеткізу құны қымбаттады. Тасымалдаушылар бағасын екі есеге өсіріп жіберген. Енді тұрғындар қымбатшылық кесірінен қыста жылусыз қаламыз ба деп қорқады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
«Бескөлдің қаламен арасы 15 шақырым ғана. Осының өзіне көмір жеткізу бағасын шарықтатып жіберді. Былтыр жай жүк көлігіне 8 мың, ЗИЛ-ға 10 мың теңге төлейтін едік. Ал биыл көмір тасуға 15 мыңнан 20 мың теңгеге дейін сұрайды. Бұл ақшаны да азсынады», - дейді Бескөл ауылының тұрғыны Анастасия Саратовцева.
Әкімдік ақпаратына сенсек, аймақтағы жеке сектордағы халықтың жартысы көмірмен қамтылыпты. Шұбаркөлдің көміріне сұраныс жоғары. Петропавл шетіндегі қоймада отынға кезекте тұрған көлік көп. Жүргізушілер көмірдің тиелуін күтіп сағаттап тұрамыз деп шағымданады. Сондықтан тасымал бағасын қымбаттауға мәжбүр.
Тұрғындардың шағымынан соң, отын тасымалына қатысты дауға аймақ басшысының өзі араласты.
«Тасымалға кететін шығынды есептеу оңай. Оны көлікке тиеу мен түсіруі бар. Қаладан 15-20 шақырым қашыққа жүк тасу қанша ақшаға шығатынын да білемін. Сондықтан көмір тасымалы құнына қатысты үнемі мониторинг жүргізіп отыру керек. Бақылауды күшейтіңдер», - деген СҚО әкімі Құмар Ақсақалов қарамағындағыларға тапсырма берді.