Қазақстан Президенті БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясының Жалпы дебатында сөз сөйледі
Мемлекет басшысы халықаралық тұрақтылықты сақтаудың үш қағидатын атады
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясы Жалпы дебатында сөз сөйледі. Мемлекет басшысы өз баяндамасында бірқатар өзекті тақырыптарға тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттер егемендігінің теңдігі, мемлекеттердің территориялық тұтастығы, мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруі секілді бастапқы үш қағидат арасындағы байланысты қайта зерделеу қажеттігін атап өтті.
«Біз мемлекеттер егемендігінің теңдігі, мемлекеттердің территориялық тұтастығы, мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруі секілді бастапқы үш қағидат арасындағы байланысты қайта зерделеуіміз қажет. Бұл үш қағидат өзара бір-біріне тәуелді. Осы қағидаттардың бірін сақтау қалған екеуін ұстануды білдіреді. Ал олардың бірін бұзу, басқа екеуін бұзған болып саналады.Дәстүрлі және ядролық қарусызданудың жаһандық жүйесі әлсіреген кезде аталған үш қағидатқа қауіп төнеді. Керісінше, үш қағидаттың түгел сақталуы олардың күшеюіне ықпал етеді. Бұл қағидаттар бірге кеңейтілген мемлекетаралық ынтымақтастықтың келесі үш деңгейіне негіз болады: субөңірлік, өңірлік және жаһандық. Бұл адамзат үшін пайдалы», - деді Президент.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы БҰҰ аясында бекітілген құндылықтар жүйесі әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған адамға үміт сәулесі болып қала беретініне тоқталды.
«Біз ынтымақтастық рухына негізделген БҰҰ-ны басшылыққа алып, аталған құндылықтарды батыл қорғауға тиіспіз. Басқаша айтқанда, біз қол қусырып, әлемнің полярлануына және бөлшектенуіне көне алмаймыз. Біз ортақ мұрамыз бен игілігімізге нұқсан келтіретін батылсыздыққа немесе біржақты мүддеге жол беруге құқымыз жоқ», - деді Мемлекет басшысы.