Дамыған елдерде президент ұзақ жыл отырмайды – «АМАНАТ» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі
Президентті бір мерзімге сайлау нормасы әлемдік тәжірибеде 100 жылдан бері бар

Президентті бір мерзімге сайлау әлемдік тәжірибеде ғасырдан бері келе жатқан үрдіс. Президентті 7 жылға бір рет сайлау туралы Ата заңға енгізілетін өзгерістен оң нәтиже күтуге болады. «АМАNАТ» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Дәулет Мұқаев елде болып жатқан өзгерістерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Бір адамның 29-30 жыл мемлекетті басқарып отырғанын көрдік. Дамыған мемлекетке айналамыз десек мұндай ұзақ мерзімде елді билеу дұрыс емес. Нақты шектеулі уақыт болу керек. Конституциядағы басты өзгеріс – осы 7 жылдық мерзім. 7 жыл елдің көңілінен шығады. Тоқаевтың қайта сайлауға дейінгі 3 жыл ел басқарғанын қоссақ, Президент барлығы 10 жыл Қазақстанды басқарады. Бұл әлемдік менеджментте де, дамыған елдердің заңында да бар, қалыпты үрдіс. Сондықтан конституцияға енгізілетін өзгерісті қолдаймын», - деді Саяси кеңестің мүшесі.
Оның айтуынша, Францияда қазір мемлекет басшысын бір мерзімге жеті жылға сайлау мәселесі талқыланып жатыр. Президентті бір мерзімге сайлау нормасы әлемдік тәжірибеде 100 жылдан бері бар. Мәселен, Израильде – 7 жыл, Арменияда – 7 жыл, Мексикада – 6 жыл, Оңтүстік Кореяда – 5 жыл. Мұндай тенденция дүние жүзіне кеңінен таралып отыр.
«Тоқаевтан кейін келетін Президентте қайтадан ата заңға өзгеріс енгізбей, осымен қалғаны дұрыс деп санаймын. Біз келесі басшының тағы да Ата заңға өзгеріс енгізбеуін талап етуіміз керек. Осымен қалуы керек, сол кезде ғана біз дамыған елдердің қатарына қосыла аламыз. Депутаттар қалай жел соғады, солай қарай ұшып-қонып жүре бермеуі тиіс. Халықтың сана-сезімі өсіп, бұдан кейін конституцияны бұрынғыдай тағы да екі мерзімге сайлануға мүмкіндік беретін өзгеріске жол бермеуіміз керек. 7 жыл саяси бәсекелестікті арттыруға да мүмкіндік береді, президенттің елді дамыту бағытындағы түрлі бағдарламаларды қабылдап қана қоймай, ауқымды істерді атқаруына да жеткілікті мезгіл. Сондықтан мен 7 жылға бір рет қана сайланады деген ұсынысты, саяси өзгерістерді қолдаймын», - деді «Дәулеттен» қайырымдылық қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Дәулет Мұқаев.