Тоқаев Экология министрін қабылдады
Кездесуде Экологиялық кодекстің әзірлену барысы жөнінде мәлімет берілді
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевті қабылдап, кездесуде министрлік жұмысының негізгі бағыттары бойынша Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалу барысы туралы есеп берді. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлайды.
Министр Мемлекет басшысына Экологиялық кодекстің әзірлену барысы жөнінде мәлімет берді. Министрдің айтуынша, кодекс жобасын дайындау кезінде жұртшылықтың пікірі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің озық тәжірибелері ескеріліп, Парламент қарауына енгізілген.
«Мағзұм Мырзағалиев Қасым-Жомарт Тоқаевқа су ресурстарын басқару және геологиялық барлаудың жаңа мемлекеттік бағдарламаларын әзірлеу жұмыстары туралы баяндады. Мемлекет басшысы министрге тиісті бағдарламаларды дайындау барысында еліміздегі су қауіпсіздігінің барлық аспектілерін мұқият талдауды тапсырды. Сондай-ақ геологиялық барлау саласына шетелдік инвесторларды тартудың маңыздылығын айтты», - делінген хабарламада.